Алматы прокурорлары «Медеу» саябағында заңсыз берілген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтарды. 35 гектар аумақ 2020 жылы Бақытжан Сағынтаев қала әкімі болып тұрғанда жекенің қолына өтіп кеткен.
Прокуратура мәлімдегендей, жер мемлекет меншігіне қайтарылды, өйткені онда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар.
«Алайда 2020 жылы табиғи парк аумағында жеке тұлғалар ауданы 35 га 10 жер учаскесіне меншік құқығын тіркеген. Бұған Горнооктябрь ауыл әкiмшiлiгiнiң 1994-1997 жылдардағы жер учаскелерiн бөлу туралы шешiмдерiнiң бар екендігі жөнінде мұрағаттық анықтамалар негiз болды. Мұрағаттық анықтама құқық белгілейтін құжат болып табылмайтынына қарамастан, тіркеуші орган меншік құқығын заңсыз тіркеген», – делінген Медеу ауданының прокуратурасы таратқан хабарламада.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Алматы прокуратурасы сотқа жүгінді. Прокуратура жер телімін беруді заңсыз деп тануды, куәліктерді жарамсыз деп тануды және иеліктен шығару рәсімін жүргізуді талап етті. Сот прокурордың талап-арызын қанағаттандырды. «Медеу» табиғи паркіне кадастрлық құны 3 млрд теңге болатын жер аумақтары қайтарылды.
«Сонымен қатар сотқа қатысуды қамтамасыз еткен Медеу ауданы прокуратурасының өтінішхаты бойынша меншік құқығын тіркеу кезінде жіберілген бұзушылықтар үшін сот кінәлі тұлғалардың жауаптылық мәселесін қарау жөнінде жеке ұйғарымдар шығарды»,- делінген хабарламда.
Айта кетейік «Медеу» табиғи паркі 2001 жылы құрылған. Ол табиғатты қорғау саласындағы мемлекеттік мекеме. Оның жалпы аумағы 708,12 гектарды құрайды. Таулы аймақта өсімдіктің он жеті түрі өседі.
Осыған дейін Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы кезінде небәрі 196 мың теңгеге сатылып кеткен «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» ғимаратының бір бөлігін қайтарып алды.
Прокуратураның хабарлауынша, 1997 жылы Жекешелендiру жөнiндегi аумақтық комитет, оқу корпусы ғимаратының бiр бөлiгiн 196 000 теңгеге заңсыз сатқан. Сол жылы университетке тиесілі 26 сотық жер телімі де сатылған. Оны бар болғаны 62 000 теңгеге бағалаған.
Университет ғимараты республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіш саналады. Сондықтан оның сатылуы орынсыз. Арзанға сатылып кеткен жер учаскесінде қаланың ең ескі сәулет құрылыстарының бірі – «Ескі қақпа» орналасқан. Сол себепті прокуратура бұл сатып алу жөніндегі мәмілені заңсыз деп тапқан.