Қырғызстан бандиттері: көрші республиканың криминалитеті кустуризацияға қалай тап болды?

Жарияланды
Арнайы жобалар редакторы

Майнинг фермасы бар зауыт, «Егіз мұнара» БО, Ыстықкөл жағасындағы «Ақ марал» демалыс орталығын 2024 жылғы 7 мамырда Қырғызстан Мемлекеттік мүлік жөніндегі агенттігі сатылымға қойды. Бұл лоттар – күлі көкке ұшқан Қамшыбек Асанбек (Қамшы Көлбаев) империясының сынықтары. Қамшы 2023 жылы арнайы қызмет қолынан өлген қылмыс әлемінің серкесі еді. Оның активтері Қазақстанда да бар.

иллюстрация: Илья Ким

Енді Blonder Pub та Қырғызстан Мемлекеттік мүлік жөніндегі агенттігіне тиесілі. Бішкектің орталығындағы бұл мейрамхана-барды «тарихи» ғимарат деуге болады. Себебі мұнда 2023 жылғы 4 қазанда МҰҚК (Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті) қызметкерлері заңдағы ұры әрі әлемдегі ең ірі есірткі барондарының бірі Қамшыбек Асанбекті атып өлтірді. Ресми нұсқа бойынша, қылмыс әлемінің серкесі қару қолданып қарсыласқан соң, атуға тура келген.

МҰҚК мәліметі бойынша, арнайы операция қылмыстық істер шеңберінде кәсіпкерлердің мүлкін аса ірі мөлшерде заңсыз иемдену фактілері бойынша өткен. Асанбекке қатысты тергеуге дейінгі тексеріс те басталған болатын. Органдар Асанбектің қарсылас топ жетекшісі Шыңғыс Жұмағұловтың өліміне қатысы бар-жоғын анықтағысы келген. Шыңғыс 2022 жылдың шілдесінде Бішкек тергеу изоляторында өлтірілген.

«Қамшы Асанбектің қылмыстық мәртебесі мен шексіз қаржылық ресурсы, сондай-ақ жазасыздық сезімі әртүрлі уақытта оған елдегі саяси процестерге ықпал етуге мүмкіндік беріп, сонысымен ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қауіп төндірді. Қазіргідей құқықтық мемлекетте ондайға жол жоқ», – деп хабарлады МҰҚК.

иллюстрация: Илья Ким

Асанбек өлтірілгеннен кейін бірден «қылмыстық империяның» мүлкін тәркілеу басталды. Бұл империяны, арнайы органдардың хабарлауынша, Қамшы Асанбек жоспарлы да мақсатты түрде «өзі мен өзіне жақын адамдардың заңсыз баюын көздеп қана» құрған. Қауіпсіздік қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) жетекшісінің заңсыз активтері «пропорционалдық түрде өскенін», көбіне-көп «Қырғызстанда да, одан тыс жерлерде де адал кәсіпкерлер мен орта және ірі бизнес өкілдері» есебінен екенін атап өтті.

Қылмыспен келген дүние

Арнайы операциядан бес күн өткен соң, 2023 жылғы 9 қазанда МҰҚК өлтірілген қылмыскердің мүлкі туралы 13 минуттық видео таратты (YouTube ережелерін бұзғаны үшін ролик алынып тасталды). Кадрларда қылмыс әлемі серкесінің белсене инвестиция салған дүниесі көрсетілген: жылжымалы және жылжымайтын мүлік.

«Қылмыстық топ жетекшісі Асанбектің, оның туыстары мен жақын адамдарының заңсыз активтеріне 850-ден астам жылжымайтын мүлік кіреді. Атап айтқанда сәнді сарайлар, коттедждер, элиталық клубтық үйлер, салынып жатқан нысандардағы көптеген пәтер, демалыс орталығы, пансионат, мейрамхана, жер телімі, ат қора, аңға шығатын жер, ішінде оқ өтпейтіні де бар 60-тан астам қымбат люкс автокөлік, зергерлік бұйымдар және басқа да мүлік», – деп Қырғызстанның арнайы қызметі мәлімет берген.

Тәркіленген дүние арасында жеке майнингілік фермасымен бірге жартылай өткізгіш шығаратын зауыты бар. Майнингтен келген ақша қылмыстық қазынаға түсіп отырған. Сондай-ақ сол мүлік ішінде Асанбектің асыл тұқымды жылқылары мен 500 мың долларлық жеке өзінің тәжі де бар. Сол кезде тәркіленген барлық мүлікті арнайы қызмет 1 млрд долларға бағалаған.

«Бұл – Қ. Асанбек пен оның айналасындағылардың заңсыз активтерін іздеу жөніндегі жұмыстың бастапқы нәтижелері ғана. Жұмыс оның бизнестік мүддесі болған елден тыс жерлерде де, атап айтқанда Ресей, Қазақстан, Грузия, Түркия, БАӘ (Дубай) және Жапонияда да жалғасатын болады», – деп мәлімдеді МҰҚК.

Қырғызстан аумағында орналасқан мүлік мемлекет меншігіне аударылып, аукциондарда сатыла бастады. Асанбектің шетелдік мүлкіне келетін болсақ, Қырғызстанның құзыретті органдары Қазақстанға заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы сұрау салып жүгінген жоқ. Бұл туралы «Курсивке» ҚР ІІМ мен ҚР ҰҚК өкілі хабарлады.

Мысалы, Қазақстанда қылмыс серкесі бір ірі қырғыз кәсіпкерімен бірге элиталық жылжымайтын мүлік салуды жоспарлаған. «Соңғы уақытта Көлбаевтың құрылыс компанияларына байланысы болған. Ол Бішкекте жылжымайтын мүлік құрылысына қатысты жобаларды іске асыруға белсене инвестиция салды және қатысты», – деді «Ой Ордо» (Қырғызстан) сараптамалық бастамалар орталығының директоры Игорь Шестаков Tengrinews-ке.

«Жұлып ал» мынаны

Саясаттанушы Медет Төлегенов Асанбектің жағдайын кустуризация процесінің бір бөлігі ретінде ғана көреді (қырғыз тіліндегі «құсу» сөзінен жасалған). «Кустуризация» сөзі 2020 жылы Қырғызстан министрлер кабинетінің басына Садыр Жапаров (2021 жылдан бастап Қырғызстан президенті) келіп, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмыс бойынша (мысалы, мемлекеттік бюджеттен ұрлау немесе салық төлемеу) күдікті саясаткерлер мен кәсіпкерлерді ұстау процесі жанданған кезден кеңінен қолданыла бастады. Ұсталғандарға ұрланған дүниені мемлекетке қайтару («құсу») ұсынылады.

2023 жылғы маусымда сыбайлас жемқорлыққа, ауыр және аса ауыр қылмыстарға қарсы күрестің екінші кезеңі басталған кезде МҰҚК басшысы Қамшыбек Тәшиев қылмыскерлер келтірген залалын ақшамен ғана емес, мүлікпен де өтейтінін мәлімдеді.

«Соңғы екі жылда сыбайлас жемқорлар бюджетке 11 млрд сомнан астам соманы (54,5 млрд теңге) қайтарды. 2020 жылы парақорлықпен күрестен түскен сома 200 млн сомға да (991,5 млн теңге) жеткен жоқ», – деді Тәшиев науқанның қаржылық қорытындысын жасап.

Осыдан кейін қырғыз журналистері кустуризациядан өткен жоғары лауазымды тұлғалардың «рейтиңін» жасады. «Рейтиң» негізіне мемлекетке төленген сома мөлшері алынды.

Кустуризация «рейтиңі»

Бұлардың ішіндегі рекордсмені Кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов болды: екі рет келтірген залал өтемін қайтарған. 2020 жылы бірінші қылмыстық іс бойынша ол кеденде сыбайлас жемқорлық жасады деп айыпталды. Мемлекетке келтірілген залал 2 млрд сомды (9,9 млрд теңге) құрады. Олардың бір бөлігін ол дереу МҰҚК шотына аударды, қалғанын бөліп төледі. Кеден қызметкері бәрін өтегеннен кейін оны соттап жіберді. Ал 2021 жылы қылмыстық кірістерді жылыстату фактісі бойынша қайтадан қамауға алынды. Бұл жолы ол 20 миллион сом (99 миллион теңге) тұратын пәтерін берді де, сонымен оның ісі жабылды. 2024 жылы Матраимов заңсыз бас бостандығынан айыру және қылмыстық кірістерді жылыстату туралы қылмыстық іс бойынша тағы қамауға алынды.

Екінші орында «Кумтор Голд Компани» ЖАҚ бұрынғы сыртқы басқарушысы Теңіз Бөлтірік тұр. 2022 жылдың қыркүйегінде ол елдің негізгі алтын кен кәсіпорнында қаржылық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін қамауға алынды. Бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген залал 1,14 млрд сомнан (5,7 млрд теңге) асты. Темір тордың арғы жағында Бөлтірік 2023 жылдың сәуіріне дейін отырды. Ол және істің басқа да қатысушылары мемлекеттің шотына 844 млн сом (4,2 млрд теңге) аударғаннан кейін, үй қамағына жіберілді. 2023 жылдың қарашасында Бөлтірікті айыппұл төлеу жазасына кесті.

Үшінші орында салықшылар мен кәсіпкерлер компаниясы. Арнайы қызметтің хабарлауынша, салықшылар кәсіпкерлермен келісе отырып, компания төлеуге тиісті салық сомаларын төмендеткен. Істің қатысушылары 100 млн сом (495 млн теңге) көлемінде залалды өтегеннен кейін үй қамағында отыруға жіберді.

Қамшыбек Асанбек өлгеннен кейін тұтқындау легі басталды. Арасында спортшылар, түрлі компания иелері мен басқарушылары, парламенттің бұрынғы депутаты бар 40-тан астам адам ұсталды. Органдар олардың қылмысқа қатысы бар деп күдіктенеді.

Сондай-ақ оқыңыз