Жаңалықтар

Ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігін қолдау мәселесінде қандай түйткіл бар?

әйелдер бизнесі
Ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігіне не кедергі/shutterstock.com

Елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің тең жартысына жуығын(49 %) әйелдер тізгіндеп отыр. Ал жеке кәсіпкерліктегі үлесі айтарлықтай біршама – 59%. Заңды тұлғалардағы әйелдердің қатысуы 29 %-ды құраса, шаруа қожалықтарындағы үлесі – 27 %. Әрине, мұның бәрі кәсіпкерлік саладағы әйелдер позициясының нығайып келе жатқанын анық аңғартады.

Ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігі

Таяуда Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігін қолдау мәселесін көтерді.

«Қазіргі уақытта елімізде ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігін қолдайтын мемлекеттік және мемлекеттік емес біршама бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Осыған қарамастан әйелдер кәсіпкерлігін дамыту әлі күнге көптеген проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Ол түйткілдер әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды әжептәуір шектейді. Ауыл әйелдері кәсіпкерлігін қолдау және дамытудың мемлекеттік құралдары сол күйі құрылмады. Ауылдық жерлерде әйелдер кәсіпкерлігінің айтарлықтай әлеуеті статистикалық деректердің келесі талдауымен расталады. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ауылдық жерлерде 3 мkн 800 мың әйел тұрады. Бұл – бүкіл ауыл халқының 49,2 %-ы және елдегі барша әйелдің 36,4 %-ы. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі көрсетіп отырғандай, ауыл әйелдерінің 43 %-нан астамы кәсіпкерлікпен айналысуды пайдалы көреді. Елімізді үлкен шығынға ұшыратқан су тасқыны кезінде де, әсіресе, ауылдық елдімекендердегі әйелдердің қайсарлығына тағы да көзіміз жетті. Шағын бизнесі бар әйелдер дүкендерін түнімен ашып қойып, қаптар мен жұмысқа қажетті тауарларды тегін таратты. Халық, төтенше жағдай қызметкерлері үшін ас-ауқат ұйымдастырды»,– деп атап өтеді депутат.  

Оның айтуынша, әйелдердің қаржылық-экономикалық орнықтылығын толыққанды қамтамасыз ету өте маңызды.

«Өңірлердегі халықпен кездесу тәжірибесіне сүйенер болсақ, кәсіпкерлікке әйелдер қызығушылық танытады. Шалғайда, дамудан тыс қалған ауылдардағы әйелдер кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін мемлекеттік қолдау құралдары аясын кеңейте түсу қажеттігін жиі айтады. Олар өз бизнесін ашуға, өз отбасы үшін табыс табуға дайын. Сонымен қатар олар қаржылық және кәсіпкерлік сауаттылық негіздерін меңгеруден де қашпайды. Дегенмен Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, 2010 жылдан бері 100 мыңға жуық жобаға субсидия берілген. Солардың тек 6 %-ы ғана ауылдық жерлердегі әйелдер кәсіпкерлігін қамтыған. Еуропалық қайта құру және даму банкімен келісімшарт аясында қаражат бөлінді. Мемлекеттік емес түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бірақ мұның бәрі теңізге тамған тамшыдай ғана. Дәл бұл реттегі қаржы ағыны бойынша орнықты қаржылық нәтижелер мен аналитикалық тәсіл жүйесі жоқ. Бұл гранттардың сомасы үлкен емес.Сондықтан да олар орнықты кәсіпкерлік нәтижеге жету жолында жеткілікті емес. Менің ойымша, әйелдерді оқытуға ден қою өте маңызды. Өйткені оларға бір рет балық бергенше, қармақ беру, яғни тұрақты табыс табу жолына бастайтын мүмкіндіктерді сыйлау өте маңызды»,– дейді.

Депутаттың сөзінше, бөлініп жатқан несиелеу сомасы тек кәсіпті бастап кетуге жететіндіктен, ұзақ мерзімді орнықты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Сонымен бірге кредит ұсыну кезінде ауылдық жерлердің мүмкіндіктері де ескерусіз қалған.

Мәліметтер не дейді

БҰҰ даму бағдарламасының мәліметі бойынша, бүгінгі таңда Қазақстанда еліміздегі барлық әйелдердің 11,8 %-ы ауыл, балық және орман шаруашылықтарында жұмыс істесе де, осы салалардағы барлық шағын және орта бизнес кәсіпорынының төрттен бір бөлігін ғана әйелдер басқарады. Өндірістік ресурстар мен активтерге қол жетімділіктің теңсіздігі, ауылдағы әйелдерге жұмыс істеуге уақыт бөлуге мүмкіндік беретін әлеуметтік инфрақұрылымның болмауы, қолданыстағы әлеуметтік нормалар мен гендерлік таптаурындар әйелдердің кәсіби қабілеттерін іске асыру мүмкіндіктерін әлі де шектеп келеді.

«Несие алу және мүлікті кепілге алу үшін ауылдағы кәсіпкер әйелдер қаладағы туыстарынан мүлік сұрауға мәжбүр. Өйткені банктер ауылдағы жылжымайтын мүлік пен малды кепілдікке қабылдамайды»,– дейді Қарақат Әбден.

Бұл ретте ол Үкіметке үш ұсыныс жолдайды:

  • Ұлттық экономика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігін қолдаудың жаңа кешенді бағдарламаларын әзірлеуі керек;
  • Ауыл әйелдерін мемлекеттік ресурстар және қызметтермен қамтамасыз ету;
  • Ауылдағы кәсіпкер әйелдер үшін ұзақ мерзімді кредит, субсидия, грант және субвенция түріндегі мемлекеттік қолдау тетіктерін әзірлеу.

Статистика нені көрсетті

Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы дайындаған зерттеуге сүйенсек, қалаға қарай ағылған еңбек миграциясының әсерімен ауылдағы еңбекке қабілетті әйел саны тұрғысынан әжептәуір дағдарыс байқалады. Ауылдық жердегі әйелдер мемлекеттің тікелей қатысуымен жүзеге асырылатын білім беру, денсаулық сақтау, сауда-саттық секілді салаларда ғана жұмыс істеуге мәжбүр.

Сонымен қатар кәсіп ашамын деген әйелдердің де мүмкіндігі аса жоғары емес. Себебі ауылдық жерден лайықты жұмыс күшін таба қою да оңайға соқпайды. Оның үстіне инфрақұрылым мәселесі де өте өзекті. Қазіргі уақытта ауыл әйелдері үшін кәсіп жүргізу кезінде қаржылық және бизнес транзакцияларын жүргізуде интернетті пайдалану деңгейі жоғары емес. Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, респонденттердің 15,2 %-ы – интернет-банкингті пайдаланады. 12,2 %-ы – интернет арқылы сатып алу жасайды. 9,3 %-ы өз тауары мен қызметін интернет арқылы сатады екен.

Статистика бойынша, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнес үлесі 33%-дан асып тұр. Жұмыспен қамтылғандар саны 35 %-дан асып, 3,5 млн адамға жеткен. Соның 31 %-ы немесе 1 миллионы – әйелдер. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 2012 жылдан бері 44 %-ға өсіп, 1,4 млн бірлікке жеткен. Әйелдер соның 43,5 %-на басшылық жасап отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, 43,5 % әйелдің 300 мыңы – ауылдағы кәсіпкер әйелдер. 2019 жылдан бастап әйелдерге 86 мың грант пен шағын несие берілген. Елімізде 4,5 млн әйел жұмыс күшінің жартысын құрап отыр. Оның 1,7 млн-ы ауылда еңбек етіп жатқаны – ақиқат дерек.

Ауыл әйелдерінің бизнесіне не кедергі

Қазақстан ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Майра Айсина ауылда бизнес бастаудың кедергілерін азайту кешенді түрде шешілуі керек деп есептейді.

«Ауыл – ел бесігі. Ал бесікті әйел тербетеді. Ауыл шаруашылығы саласында әлі де қордаланған мәселе баршылық. Оны әйелдердің әлеуетін пайдалану арқылы неге шешпеске деп ойладық. Тәжірибе көрсеткендей, әйелдердің 31 %-ы өз кәсібін дөңгелетіп жүр. Алайда сауалнама көрсеткендей, бизнес ашуға күмәнданатын нәзік жандылар да баршылық. Мемлекеттен болсын, жеке сектордан болсын әйелдерге қолдау көрсетуді арттыра беру маңызды. Егер әйелдер жұмыс орындарын құруға қатысса және бұл процесс барлық кезеңде жан-жақты қолдау мен қызметті сүйемелдейтін болса, онда бұл елдің әлеуметтік экономикасы мен ЖІӨ-нің өсуіне оң әсер етеді. Нәтижесінде біз кәсіпкерлік белсенділіктің өсуін және әйелдердің әлеуметтік көңіл-күйінің жақсаруына куә боламыз. Бірақ бұл үшін мемлекеттік ауқымда ауылда бизнесті бастауға бар кедергілерді азайтуға бағытталған шаралар кешені шешілуі тиіс»,– дейді маман.

Оның айтуынша, осыған дейін жиі айтылып жүрген – мөлшерлемесі 3 %-дан аспайтын жеңілдетілген несиелеуді мемлекет естіп, оң нәтиже шығарды. Бұл да үлкен жетістік.

«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы өмірге келді. Алда атқаратын міндет көп»,– дейді Майра Айсина.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, тіркелген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің саны – 317 мың. Оның 88,2 мыңға жуығы немесе 27,8%-ын әйелдер басқарады. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 17 мыңға жуық жеңілдікті микронесие беру және ауылда 18 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарымен 2023 жылы 100 млрд теңге бөлінген. Бүгінде шамамен 55 млрд теңге сомаға 8,9 мың микронесие беріліп, оның 35-40 %-ын әйелдер өз бизнесін ашу үшін алған.

Министрліктің хабарлауынша, жобаны табысты іске асыру көптеген ауыл тұрғындарының табысы өсуінің сөзсіз катализаторы болады. Ауыл тұрғындарының жартысынан көпшілігін, әсіресе, бірінші кезекте әйелдерді кәсіпкерлікке тартуға мүмкіндік береді. 100 млрд теңге көлемінде бөлінген бюджеттік несиелер есебінен жалпы қуаттылығы 373 мың тонна болатын 65 тауарлы-сүт фермасының құрылысы қаржыландырылады. Негізінен әйелдер құрайтын шамамен 1,6 мың жұмыс орны құрылмақ.

Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменовтің айтуынша, жыл сайын ауыл әйелдерінің онлайн платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы жаңа білім алуға деген қызығушылығы артып келеді екен. 2020-2021 жылдары пандемия кезінде бұл мәжбүрлі шара болса, қазір әйелдердің өздері отбасылары мен үй шаруаларын қалдырмау үшін онлайн оқуды жөн көретін көрінеді. Қазірге дейін Farmerschool.kz сайтында 8 мыңнан астам әйел тіркеліп, оқудан өткен. Бұл сайтта бизнестің 23 бағыты бойынша бейне оқулықтар мен пайдалы ресурстар бар. 

Әйелдер қандай бизнеске бейім

Қазіргі уақытта әйелдер бизнесі негізінен әлеуметтік және қызмет көрсету салаларына бағытталған. Көп жағдайда әйелдер өздері тап болған проблеманың негізінде кәсіп ашқанды құп көреді екен. Сонымен қатар әйелдер өздері жүргізген кәсіптен түскен табыстың 90 %-нан астамын өз отбасы мен балаларының біліміне инвестициялағанды жөн санайды. Мұны қоғам дамуына салынған инвестиция деп те бағалауға әбден болады дейді сарапшылар. Олардың айтуынша, әйелдер кәсіпкерлігі елдегі кедейлік пен жұмыссыздықты төмендету және адами капиталды дамыту тұрғысынан ұзақ мерзімді позитивті тиімділік әсеріне ие.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, әйелдер кәсіпкерлігін қаржылық қолдау аясында 2023 жылы сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы 6 мыңнан астам жоба және несиелік кепілдік беру арқылы 3,5 мыңнан астам жоба қолдау тапты. Бұл қолдау көрсетілетін жобалардың жалпы санының шамамен 50 %-ын құрайды.

2015 жылдан бастап Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкер әйелдерге 57,6 млрд теңгеге 24 мыңнан астам кредит берілген. 483 консультациялық жоба орындалған.

Қазіргі уақытта еліміздің 20 өңіріндегі «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палаталарының алаңында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары жұмыс істеп жатыр. 2023 жылы орталықтар 13 539 қызмет көрсетіп, 8 744 консультация берген.

Сарапшылар пайымынша, аталған орталықтардың ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда пайдасы мол болмақ. Онда қызметтердің кең спектрі ұсынылады:

  • Кеңес беру (әйелдердің қажеттіліктерін анықтау);
  • Бизнес-оқыту, оның ішінде қолөнердің дәстүрлі қолөнер түрлерін оқытуды ұйымдастыру (Қазақстан қолөнершілер одағының ұсынысы бойынша);
  • Тәлімгерлік; қаржыландыру көздерін тарту (краудинвестинг, инвестиция, гранттар, лизинг);
  • Әйелдер кәсіпкерлігі өкілдерінің халықаралық жобаларға қатысуына жәрдемдесу;
  • Бизнес шолу;
  • «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті шикізаттан жасалған өнімді жылжыту мен әзірлеу жөніндегі қызметтер.

Ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігінің әлеуетін және қажетті қолдау шараларын анықтау мақсатында «Сандж» зерттеу орталығы» сауалнама жүргізген. Зерттеу көрсеткендей, респонденттердің 30,6 %-ы шағын бизнеспен айналысады. 11,2 %-ы өз ісін алдағы 3 жылда, ал 20,4 %-ы болашақта ашуға ниетті.