Қырғызстанның Бішкек қаласында шетелдіктер мен жергілікті тұрғындар арасында төбелес соңы наразылыққа ұласты. 13 мамырда хостелдің шетелдік қонақтарымен болған төбелестен кейін, 18 мамырға қараған түні жүздеген адам көшеге шыққан.
kaktus.media сайтының жазуынша, қазір жағдай тұрақталған. Милиция жағдайды толық бақылауына алған. Адам шығыны жоқ. Қырғыз денсаулық сақтау министрлігі 29 шетелдіктің медициналық көмекке жүгінгенін хабарлаған.
Бішкек тұрғындарының жаппай көшеге шығуына 13 мамырда қаладағы хостелдердің бірінде шетелдіктер мен жергілікті тұрғындардың төбелесі себеп болған. Сол кезде милиция төбелес болғанын растап, бұзақылық жасағандардың бәрін ұстағанын хабарлаған.
Сол оқиғадан кейін 4 күн өткен соң, жүздеген адам Құрманжан Датқа көшесіне шығып, кек алуға жиналған. Олар шетелдіктерді жауапқа тартуды, бұған дейін қамалған қырғыздарды босатуды талап еткен.
Оқиға орнына қаладағы бүкіл полиция бөлімшелері тартылған. Олар наразылыққа шыққандардан шетел студенттері тұратын жатақханаларды қорғаған. Көшеге шыққандар тек таңға жуық тарады.
Қазір Свердлов аудандық ішкі істер басқармасы төбелеске қатысушыларды анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.