Қазақстан Вьетнам нарығына астық пен ұн, сүт пен ет жеткізуге ниетті
Қазақстан Вьетнамға астық, ұн, кондитерлік өнімдер, сүт пен ет жеткізуді көздеп отыр. Сонымен қатар 35 түрлі тауар экспортын арттыру жоспарланған.
Мұндай жоспар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысында қаралған.
Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазақ-вьетнам елдері арасындағы өзара сауда жыл сайын оң динамика көрсетіп отырғанын айтады. Былтыр тауар айналымы 85,4%-ға өскен.
«Мемлекет басшыларының өткен жылдың тамыз айындағы кездесуі екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға ерекше үлес қосты. Онда экономикалық басымдықтар мен нақты міндеттер айқындалды, оның ішінде алдағы жылдары екіжақты тауар айналымын 1,5 миллиард долларға дейін ұлғайту көзделді», – деп атап өтті Арман. Шаққалиев.
Қазақстан 96,9 миллион доллардан асатын 35 тауар позициясы бойынша Вьетнамға экспортты арттырмақ. Бұл металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, химия өнеркәсібі және машина жасау сияқты салалардағы тауарлар. Осы тұрғыда Қазақстан-Вьетнам Іскерлік кеңесін құру мәселесі қазіргі таңда Қазақстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Вьетнам Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында талқыланып жатыр
Қазақстан Вьетнам нарығына астық, бидай ұны, макарон және кондитер өнімдерін, ет және ет өнімдерін, сүт, жарма және басқа да жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерін жеткізуге ниетті.
Одан бөлек, вьетнамдық LiOA компаниясымен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Бұл компания құрамында мыс бар электр жабдықтарын шығаратын зауыт салу үшін Қазақстан нарығына шығу мүмкіндігін зерттеп жатыр. Сондай-ақ авиация саласында үлкен тәжірибесі бар Sovico Group компаниясымен және еліміздің ірі қалаларында электромобильдер (электромобильдер, электробустар) шығаратын озық зауыт салу мүмкіндігін қарастырып жатқан VinFast компаниясымен де жұмысты жалғастыруға ниетті.
Қазақстан тарапы Въетнамға электромобильдерге арналған литий-ион батареяларын өндіруге ұсыныс жасаған. Бұл үшін Қазақстандағы ірі литий кен орындарында шикізат қоры жеткілікті. Жаңа жоба Қазақстанның жоғары технологиялық секторының өсуіне, ал вьетнамдық автоөндірушілерге өздерінің бәсекелестік артықшылықтарын сақтауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін қазақстандықтар Вьетнам еліне 90 күнге визасыз бара алатыны белгілі болған.