Жаңалықтар

Су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласында 150 үйдің құрылысы басталады

Құлсары қаласында
Фото: Атырау облысы ТЖ жедел штабы

Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін 150 үйдің құрылысы басталады. Бұл туралы Атырау облысының Төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы хабарлайды.

Салынатын үйлердің ауданы – 80 шаршы мерт. Типтік үлгіледі 74 үйдің учаскесі белгіленген. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, құрылыс жұмыстары келесі аптада басталмақ.

«Тұрғын үйлер облыстық бюджеттің және демеушілердің қаражатына салынады. Құрылысты жергілікті мердігер мекемелер жүргізеді деп жоспарлануда,- дейді Құсайынов.

Ықшамаудан жарық және сумен қамтылған, алдағы уақытта газ жүргізіледі Екі мың орындық Binom мектебін салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 300 орындық балабақша құрылысы басталады. Тұрғындарға арналған шағын аллеялар бой көтереді.

Атырау облысындағы Құлсары қаласына тасқын суы 5 сәуірде кірді. Су ағысының қатты болуы салдарынан қаланың басым бөлігі су астында қалған. Жалпы Жылыой ауданында 2 920 үйді су басқан. Қазіргі кезде соның 2 906-сы судан құрғатылған.

Жедел штаб бұған дейін 2 667 тұрғын үй-жай техникалық тексеруден өтіп, 2 622 тұрғын үйге бағалау жүргізілгенін хабарлады. Зардап шеккен тұрғындардан барлығы 3000-ға жуық өтінім келіп түскен, бағалау жұмыстары жалғасып жатыр.

Құлсары қаласында тұрғындар су астында қалған баспаналарына берілетін төлемақы көлемімен келіспей, наразылыққа шықты. Әкімдік зардап шеккен тұрғын үйдің әр шаршы метріне 200-240 мыңнан төлейміз десе, тұрғындар шаршы метріне 400 мың теңгеден төленгенін қалайды.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Үкімет резервінен Атырау облысына қосымша қаржы бөлінуі мүмкін екенін айтты. Оның айтуынша, Құлсары қаласына келген шығын көлемі әлі есептеліп біткен жоқ.