ҰҚК Қырғызстанмен шекарадағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақ-қырғыз шекарасында жағдай тұрақты/Фото: alau.kz

Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қазақ-қырғыз шекарасынан пәкістандық студенттер өтіп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды. Комитеттің хабарлауынша, қос ел шекарасындағы кедендік бекеттер қалыпты жұмыс істеп тұр. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Бішкек қаласындағы түнгі тәртіпсіздіктерден кейін, пәкістандық студенттер тобының Қырғызстаннан Қазақстанға өтуге жиналып жатқаны туралы кейбір БАҚ-та жарияланған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды»,– делінген хабарламада.

Комитет ақпаратына сай, Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы бақылау-өткізу пунктері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қазақстан мен Қырғызстанның шекарашылары Бішкек қаласындағы қалыптасып отырған жағдай туралы үздіксіз ақпарат алмасып отыр.

18 мамырға қараған түні Қырғызстанда шетелдіктер мен жергілікті тұрғындар арасындағы төбелес соңы жаппай наразылыққа ұласқан.

Бішкек тұрғындарының жаппай көшеге шығуына 13 мамырдағы қаладағы хостелдердің бірінде шетелдіктер мен жергілікті тұрғындардың төбелесі себеп болған. Сол кезде милиция төбелес болғанын растап, бұзақылық жасағандардың бәрін ұстағанын хабарлаған.

Сол оқиғадан кейін 4 күн өткен соң, жүздеген адам Құрманжан Датқа көшесіне шығып, кек алуға жиналған. Олар шетелдіктерді жауапқа тартуды, бұған дейін қамалған қырғыздарды босатуды талап еткен.

kaktus.media сайтының жазуынша, қазір жағдай тұрақтанған. Милиция жағдайды толық бақылауына алған. Адам шығыны жоқ. Қырғыз денсаулық сақтау министрлігі 29 шетелдіктің медициналық көмекке жүгінгенін хабарлаған

Сондай-ақ оқыңыз