Өзбекстан автонесие нарығы соңғы екі жылда ең төменгі деңгейге дейін төмендеді

Жарияланды
Өзбекстан автонесие нарығындағы жағдай/ shutterstock.com

2024 жылдың наурыз айында Өзбекстан автонесие нарығы соңғы екі жылда ең төменгі деңгейге дейін төмендеді. Жалпы көлік сатылымы да төмендеп жатыр. 2024 жылдың үш айында жаңа және жүрілген жеңіл автокөліктер бір жыл бұрынғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 3,2%-ға аз сатылды. Ал сәуірде сатылым наурыз айымен салыстырғанда 18,6%-ға төмендеді. Өзбекстанның көлік нарығында не болып жатқаны – «Курсив» материалында.

Шектеуге тап болды

Өзбекстандағы автокөлікті несиеге алу көлемі Өзбекстан Республикасының Орталық банкі автонесие ЕДБ портфелінде 25%-дан аспауы керек деген шектеу енгізгеннен кейін төмендей бастады. Жаңа ереже 2023 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап қолданыла бастады.

Бір жыл бұрын, 2023 жылдың мамыр айында Өзбекстанда берілген автонесие көлемі рекордтық 4,5 трлн сомға жеткен. Қыркүйек айында айлық көрсеткіш 3,3 трлн сомға дейін түсіп кетті. Ал  желтоқсанда 1,85 трлн сомға азайды. 2024 жылдың наурыз айында автонесие 1,25 трлн теңгеге дейін төмендеді. Бұл соңғы екі жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Сәуір айының қорытындысы әзірге шыққан жоқ.

«Курсив» журналисімен арада болған әңгімеде нарық қатысушылары Орталық банк енгізген шектеулерге банкирлер наразы болғанын мойындады. Олардың нарызы болатындайы бар. Өйткені автонесие бөлшектік қарыз портфелінің өсуі үшін жалғыз қозғаушы күш болып, табыс әкеліп тұрғаны анық. Алайда Орталық банк айтқанынан танбады. Себебі банктердің портфелінде автонесиелердің көп шоғырлануын қатер көрді.

«Орталық банктің қабылдаған шаралары нақты бір нарықты азайту немесе арттыру үшін қабылданбайды. Реттеуші қаржылық тұрақтылықты басшылыққа алады», – деді «Курсивке» ОБ төрағасы Бекзод Хамраев.

Өзбекстанда несие беру (оның ішінде автонесие беру бойынша да) бойынша нормалар қатайып жатыр. 2024 жылдың шілде айынан бастап қаржы мекемесі қарыз беру кезінде олардың клиенттерінің қарыз жүктемесі 60%-дан аспауын бақылауға міндетті болады. 2025 жылдан бастап қарыз жүктемесі көрсеткішіне қатысты талап 50%-ға дейін төмендейді.

Тәуекелге тап болмау

S&P Global Ratings қаржы институттарын рейтиңдеу департаментінің директоры Наталья Яловскаяның айтуынша, бір қарыз алушыға ең жоғары несиелік жүктеменің көрсеткіштері арқылы тұтынушылық несиелендіруге шектеулер енгізу әртүрлі елдердегі банктік реттеушілер үшін стандартты тәжірибе. Мұндай шектеулер қарыз алушылардың шектен тыс несие алу тәуекелін азайтады. Соңғысы несиелік портфель сапасының ықтимал нашарлауына байланысты банктер үшін ғана проблема емес, сонымен қатар әлеуметтік сілкініс  (әсіресе табыс деңгейі төмен және әлеуметтік қолдау мүмкіндіктері әлсіз елдерде) тудыруы мүмкін.

Өзбекстанның мұндай шараға баруы тегін емес. 2024 жылдың қаңтарында реттеуші «нашар» қарыз алушылар санының күрт өскені туралы мәлімдеді. Осы кезде несие тарихы нашарлаған азаматтар саны 16 мыңнан асып жығылды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2022 жылы бұл көрсеткіш екі есе аз болған.

Наталья Яловская қарыз жүктемесі үшін 60 және 50 %-дық шектеу әлемдік тәжірибедегі ең консервативті емес екенін айтады.

«Несие портфелі бойынша 25%-дық шектеу банктер үшін шоғырлану тәуекелдерін де азайтуы керек. Бұл – тәуекелдерді басқарудағы стандартты тәсіл. Яғни жалпы алғанда, бұл шаралар реттеушінің 2023 жылы автонесиелердің агрессивті өсуіне қатысты көзқарасын көрсетеді және осы өсуге байланысты тәуекелдерді азайту үшін бұл өсуді қалыпқа келтіруге арналған», – деп атап өтті Яловская.

Сарапшы автокөліктердің сатылымы нарығына автонесие бойынша тежеуші механизмер ғана емес, сондай-ақ маусымдық факторлар әсер етуі мүмкін екенін айтады. Мәселен, олардың қатарында жанармай бағасы, тіпті сыртқы сауда қызметі мен шектеулер, инфрақұрылымның даму деңгейі де бар.

Автонарықтағы жағдай

Өзбекстан экономикалық зерттеу және реформалар орталығы мәліметтері 2024 жылдың қаңтар-наурыз аралығында бастапқы және қайталама нарықта 413 мыңға жуық автокөлік сатылғанын көрсетеді. Бұл 2023 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 11,6%-ға төмен.

Автонарықтағы өсім көрсетіп отырған жалғыз сегмент – электрокарлар. Олардың сатылымы наурыздағы небәрі +0,1% өсуден кейін, сәуірде бірден +23,2%-ға артқан. Сәуір айында сатылған 2,9 мың электрокардың 2 мыңы Тәшкент тұрғындары сатып алған. Яғни электрлік көліктер инфрақұрылымы өзбек ағайындардың астанасында шоғырланған. Қазір Өзбекстанда бар болғаны екі жүзге жуық қана зарядтайтын станция бар. 2025 жылға қарай оның санын 2,5 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр.

Еске сала кетер болсақ, маусым айында Өзбекстанда BYD өндірісі іске қосылады. Бұл ақпаратты «Курсивке» BYD Uzbekistan Factory қаржы директоры Диёр Мухамедов растады. Желтоқсанға дейін 10 мың автокөлік шығарылады. Ал келесі жылы 50 мың болады. Алдағы уақытта зауыт өндірісті 500 мыңға дейін жеткізуі мүмкін. Егер кәсіпорынның қуаттылығы осыншама артатын болса, (бұл 2026-2027 жылға арналған жоспар) онда бренд Өзбекстанның тең жартысын қамтымақ.

Сондай-ақ Chevrolet  автокөліктерін шығаратын жергілікті алып UzAuto Motors-та, Kia, Chery, Haval мен Hyundai Truck & Bus-пен жұмыс істейтін ADM Jizzakh мультибренд зауыты да дес бермей келеді. Бұл екі кәсіпорын бірінші тоқсанда 85 мың жеңіл көлік шығарған. Бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 56%-ға көп. Екі зауытта өндірісті одан әрі арттыратынын мәлім еткен.

Бизнес Өзбекстандағы сұраныстың болашағына оптимистік көзқараспен қарайтын сияқты. S&P Global Ratings сарапшысы Наталья Яловская елдегі экономикалық жағдай қолайлы болып қалып отырғанын, сондықтан агенттік халықтың қолдағы табысының одан әрі біртіндеп өсуін және урбанизация үрдісінің жалғасуын күтетінін атап өтті.

«Бұл факторлар жалпы тұтынуды, соның ішінде автокөліктерді сатып алуға және автокөлік несиелеріне сұранысты қолдайды. Біздің ойымызша, нарық әлі толыққанды шегіне жеткен жоқ және сәйкесінше, өсу 2024 жылы баяу қарқынмен болса да жалғасады», – деп есептейді сарапшы.

Өзбекстан нарығының молығу шегіне жетпегенін жаңа автокөліктерге шарт рәсімдеу жағдайы дәлел. Өзбекстандағы ірі өндіруші – UzAuto Motors-тан жаңа автокөлікті онлайн арнайы платформа арқылы шарт жасасу жолымен сатып алуға болады. Мысалы, компания 8 мамыр күні 4,5 мың Lacetti көлігіне келісімшарт жасауды ашты. Көліктер бір сағатқа жетпей сатылып кеткен.  

Алыпсатарлар  қайталама нарықты тұралатып тұр

Madad Invest Bank  басқармасының төрағасы Улугбек Таваккалов Өзбекстанның қайталама нарығының жұмыс істеу ерекшелігіне де мән берді.

«Қазір қайталама нарықтағы мәмілелердің 90 пайызы делдалдар арқылы жасалады. Қарапайым сөзбен айтқанда, сіз өзіңіздің көлігіңізді жарнама сайтында көрсеткенде, нақты сатып алушыларлар емес алыпсатарлар хабарласуы мүмкін. Көлігіңіздің қолма-қол ақшасын санап (жақсы жеңілдікпен) беріп, сізден көлікті сату құқығы бар бас сенімхат сұрайды»,– деп түсіндіреді ол.

Одан кейін көлік қайта жаңартудан өтеді. Шанағын, дөңгелектерін айырбастап, көлікті сатуға дайындайды. Сосын барып, көлік  қымбатырақ бағамен үшінші тұлғаларға сатылады. Оның ішінде банк және банк емес ұйымдардың қаржылық құралдары қолданылады.

Сонымен бірге реттеуші шектеу енгізгенге дейін қаржы институттары әлеуетті қарыз алушылардың кірісіне талдау жасамаған. Жеке деректермен қанағаттанған. Сондай-ақ өтініш берушілердің бүлінген несие тарихымен келіскен. Банк портфеліндегі автонесие үлесіне шектеу қою, LTV нормасын енгізу (несиенің автокөліктің кепіл құнына қатынасы), өтініш берушінің жеке кірісін қабылдаудан бас тарту несие беру нарығын бәсеңдетті.

«Менің ойымша, Өзбекстанда көлік сатып алу мәдениеті жаңартылып, біз міндетті түрде делдалсыз сатып алу-сату үлгісіне келеміз (көрші Қазақстанда жүзеге асырылып жатқандай). Бұл ақыр соңында несиеге автокөлікке несие алуды төмендетіп, осы мақсаттарға тұтынушылық несиелер көлемінің ұлғаюына әкеледі», – дейді Улугбек Таваккалов

Сондай-ақ оқыңыз