Жаңалықтар

Атырау-Орал автожолында барлық көлік қозғалысына шектеу қойылды

Атырау-Орал жолындағы көлік қозғалысы тоқтатылды /фото /t.me/oper_shtab_atyrau

Жайық өзені суының көтерілуі салдарынан Атырау облысында автожолдар қозғалысына шектеу қойылуда.

Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық жедел штаб Атырау-Орал республикалық маңызы бар тас жолының 71-шақырымында жол үстімен су өткізу жалғасып жатқанын хабарлады.

«Бұл шешім өр суының көп келуіне әрі су қарқынының жоғарылығына байланысты, Махамбет ауданына қарасты Жайық бойында орналасқан елдімекендерді тасқын қауіпінен сақтау мақсатында қабылданып отыр.

Махамбет және Сарытоғай ауылы тұсына жиналған жайылымдағы өр суы жолдың екінші беті, яғни батыс жақ бетіне жіберілді. Жайық өзені жағалауынан Атырау-Орал тас жолының ара  қашықтығы шамамен 6-7 шақырымды құрайды», – делінген штаб ақпаратында.

Жедел штаб Махамбет-Индер жолы уақытша жабылғанын, бірақ ауылдарға қауіп төнген жоқ екенін ескертті. Орал, Индер, Махамбеттен Атырау бағытында автокөлік жүргізушілері Индер-Атырау трассасы арқылы қатынай алады.

«Қазавтожол» АҚ автомобиль жолдарының бірнеше учаскесінде барлық  автокөлік түріне шектеу қойылғанын хабарлады.

1.  «Атырау-Орал»  автожолының 71-179 шақырымы, Махамбет – Индер елді мекендердің учаскесі (жүк көліктері үшін).

2. «Атырау-Орал»  автожолының 179-189 шақырымы, Индер елді мекені – БҚО шекарасы.

БҚО-да Атырау облысында орын алған су тасқынға байланысты жүк көліктерінің қозғалысына келесі жолда шектеу қойылды:

«Атырау-Орал» автожолының 189-492 шақырымы, Орал қ. – Атырау облысы шекарасы учаскесі.