Қырғызстандағы жанжалға байланысты Пәкістан өз азаматтарының құқын қорғау үшін делегация жіберуді ұйғарды
Қырғызстандағы дүрбелеңге Пәкістан билігі алаңдап отырғанын жасырмай, нақты шара қабылдайтындарын мәлімдеді. 17 мамыр күні Бішкекте жергілікті тұрғындар топ болып келіп, шетелдік азаматтарға қоқан-лоқы көрсеткен. Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша жаппай төбелестен 30-ға тарта адам жараланды. Мұның алдында Бішкектегі хостелде қақтығыс болған. Қырғызстан азаматтары жерлестеріне қол жұмсағандардан кек алуға оқталған.
Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев жергілікті азаматтардың талабына да құлақ асқанын, кінәлілерді ұстаумен қатар Қырғызстанда заңсыз жүрген мигранттарды жедел түрде анықтайтынын хабарлады. 5 мың шетелдік азаматты тексеріп, біразын елден шығарып жіберуге шешім қабылданды. Тексерілгендердің 1300-і Пәкістан азаматы екені белгілі болды.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф бұл оқиғаны назардан тыс қалдырмайтынын мәлімдеп үлгерді. Ол Пәкістан елшілігіне студенттерге жедел көмек көрсетуді тапсырды. 18 мамыр күні Пәкістан сыртқы істер министрі қарсылық нотасын Қырғызстан елшілігіне табыстады. Бұл құжатта Қырғызстаннан пәкістандық азаматтар мен студенттерді қорғау үшін барлық шараны қабылдау талап етілген.
Шахбаз Шариф кеңсесі жедел желі арқылы мән-жайды біліп отырумен шектелмей, Пәкістанның сыртқы істер министрі Исхак Дар мен Кашмир істері жөніндегі министрі Амир Мукамға Қырғызстанға барып, өз азаматтарына медициналық көмек көрсету шараларын ұйымдастыруды және оларды елге қайтару мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Авазбек Атаханов Пәкістан Ислам Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшісі Хасан Али Зайгаммен кездесті. Тараптар елдегі жанжал себебін, ортақ шешім қабылдау жайын талқылады.
Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қазақ-қырғыз шекарасынан пәкістандық студенттер өтіп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.