«Таңдау құқығын өзімізде қалдыруды сұраймыз»: Вейпке тыйым салуға қарсы петиция жарияланды

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстандық вейперлер өздерінің құқы ескерілгенін қалайды Фото: shutterstock.com

Қазақстанда вейпке тыйым салуға қарсы петиция қайта ұйымдастырылды. Кезекті құжат «Epetition» порталында жарияланды. Бүгінге дейін оны 19 мыңға жуық адам оқыған болса, 895 қол жинап, 67 адам пікір білдірген.

 «Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, вейпке тыйым салуға қарсымыз.  Өйткені темекінің балама түрін қолдану құқынан айырылып отырмыз. Ал дәстүрлі темекі мен қызатын темекілерді шеккіміз келмейді. Сондықтан таңдау құқығын өзімізде қалдыруды сұраймыз», – делінген петиция хабарламасында.

2023 жылдың тамызында Қазақстанда вейптерге тыйым салуға қарсы петиция кезінде 100 мыңнан астам қол жинаған. Ол Қазақстанда вейптерге тыйым салу төңірегіндегі шиеленіскен пікірталасқа байланысты жарияланған.

Еске сала кетейік, биыл қаңтар айында Мәжіліс Қазақстанда вейптерді әкелу, өндіру, сату және таратуға тыйым салуға  қатысты заң жобасын қабылдаған болатын. Құжат Сенатқа жолданып, 20 сәуірде Президент қол қойған.

Заңда вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік:

  • сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу;
  • әкеліп, таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру,
  • қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн – 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.

Сарапшылар электронды темекі өкпені туберкулез дертімен тең дәрежеде зақымдайтынын айтты.

«Бұл өнім құрамында өкпеге зиянды қоспалар бар. Ол қоспалар өкпе эпителийін зақымдайды. Бүгінде электронды темекіні оқушылардың көп тұтынуына байланысты Қазақстан өкпе аурулары бойынша қауіпті аймақта тұр»,  – дейді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.  

Дүниежүзілік Денсаулық ұйымының мәліметінше,  33  мемлекет электронды темекі сатуға тыйым салса, 79 ел бұл өнімді қоғамдық орындарда тұтынуға, жарнамалауға, дамытуға, бұл өнімдерге демеушілік жасауға тыйым салған. 

Сондай-ақ оқыңыз