Қазақстанда жұмыссыздық бойынша төлем алуға өтініш бергендердің қатары артып келеді
2024 жылдың басынан бері 89 мың адам жұмысынан айырылуына байланысты төлем алуға өтініш берген. Еңбек министрлігінің дерегі бойынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қазір 143,3 мың адам жұмыссыздық бойынша төлем алып отыр. Оларға қордан жалпы көлемі 25 млрд теңге төленген.
Ресми дерекке сүйенсек, 1 айда Қазақастанда 22,2 мың адам жұмысынан айырылған. 1 сәуірдегі дерек бойынша, наурызда 66,8 мың адамға төлем алғаш тағайындалған. Ал ақпан айында ресми жұмысынан айырылғандардың қатары 17 мың адамға толығып, 49,8 мың болған. Қаңтар айында 25 мың адамға төлем тағайындалды. Жалпы 1 мамырда биыл жұмысынан айрылғандардың қатары 89 мың адамға жеткен.
Қазіргі заңға сәйкес, жұмыссыз қалған қызметкерлер 1 ай мен 6 ай аралығында әлеуметтік төлем алуға құқылы. Қанша уақыт берілетіні міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қанша жылдық өтіліне байланысты. Ал көлемі болса, кейінгі 24 айға қарайды, айырылған табысының 45 пайызына тең. Төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен жүргізіледі. Аталған жәрдемақыны алу үшін:
- eGov.kz порталына кіріп, авторизация жасайсыз;
- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамтылу» бөліміне кіріп, «Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» қызметін таңдайсыз;
- Қажет жолдарды толтырып, қызметке онлайн тапсырыс беріңіз. Өтінім жіберу үшін ЭЦҚ керек;
- Бір күн ішінде Жұмыспен қамту орталығы тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша вакансиялар ұсынады;
- Егер жұмыс табылмай қойса, онда үш күн ішінде жұмыссыз статусы қашықтан тағайындалады. Егер әлдебір құжаттар керек болса, онда сізге хабарласып, сұратады;
- Бұл қызметті Электрон еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да онлайн-режимде алуға болады.
Егер сізге статус берілетін болса, онда ұялы телефоныңызға хат келеді. Келісетініңізді білдіріп, жауап беруіңіз керек. Одан соң төлем автомат түрде тағайындалады. Бір ескерте кететін жайт, әлеуметтік төлем аларда сіздің жұмыстан не себепті шыққаныңыз ескерілмейді. Әрі бұл жәрдемақы сіздің басқа жұмыс тауып алғанша, табыссыз қалмауыңыз үшін беріледі
Жұмыссыз ретінде тіркелген соң, қордан төлем тағайындау туралы SMS-хабарлама келеді. Сол хабарламаға «келісем» деп жауап берген соң, төлем автоматты түрде тағайындалады.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, айырылған табысының орнын толтыру коэффициенті 40 пайыздан 45 пайызға көбейтілген еді. Бірақ тағайындау тәртібі сол күйі сақталды. Яғни міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы міндетті.