Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция 2023 жылмен салыстырғанда азайып барады
2024 жылғы қаңтар-сәуірде негізгі капиталға салынған инвестиция 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға төмендеген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының шолуында жазылған.
Осы балама кезеңде тартылған инвестицияның теріс динамикасы ауыл, орман және балық шаруашылығы (-30,1%), білім беру (-18,0%), кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу (-29,0%) салаларында байқалды. Ал құрылыс (63,3%), көлік және қоймалау (50,9%), өңдеу өнеркәсібі (19,9%) оң динамика көрсеткен.
2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 13,7% өсіммен ₸18 трлн құраған болатын. Дегенмен, бұл көрсеткіш экономиканың жылдық 6-7% өсімі үшін жеткіліксіз. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің 7 ақпанда өткен кеңейтілген отырысында «Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Себебі экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін. Сондықтан ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек» – деп тапсырма берген.
Өңірлердің көрсеткіші қандай?
Қазақстандағы 20 өңірдің жетеуі теріс динамика көрсеткен. Соның ішінде 5 өңір (Ақмола, Атырау, Маңғыстау,Абай, Қостанай облыстары) қос мәнді теріс көрсеткішке ие. Ал қалған 13 өңір оң динамикада және Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жетісу облыстары 34,7%, 29,9% және 27,1% пайыздық жоғары өсіммен көш бастап тұр.
Негізгі капиталға қандай ивестиция салынды?
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың басым бөлігі (76,3%) меншікті қаражат есебінен тартылған. Ал, мемелекеттің бюджеттің үлесі 10,0% болса, банктердің кредиттері небәрі 3,5% құрап отыр.
Негізгі капиталға инвестициялар – инвесторлардың жаңа құрылыс, сондай-ақ объектінің кеңейту (объектінің бастапқы құнының ұлғаюына әкеп соғатын) жағдайында инвесторлар үшін экономикалық, әлеуметтік немесе экологиялық әсер алу мақсатындағы инвестициялар, машиналар, жабдықтар, көлік құралдарын сатып алу, негізгі табынды, көпжылдық екпелерді қалыптастыруға кететін шығындар және т.б.
Айта кету керек, 2024 жылғы қаңтар-наурызда Қазақстандағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2816,3 млрд теңгені құраған. Бұл 2023 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 0,8% аз.
Ұлттық статистика бюросының сәуір айындағы ақпаратына сәйкес, Инвестициялардың 47%-ы өнеркәсіпке бағытталды. 2024 жылғы қаңтар-наурызда негізгі капиталға салынған инвестициялардың көп бөлігі өнеркәсіпке (47%) жұмсалды. Тау-кен өндіру өнеркәсібіне және карьерлерді қазуына – 28,4%, өңдеу өнеркәсібі – 11,2% тиесілі. Ал жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға (21,5%), көлік пен қоймаға (13,5%), ауыл, орман және балық шаруашылығы (4,4%) тиесілі.