Тоқаев Ибрахим Раисидің қайтыс болуына байланысты Иран халқына көңіл айтты

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев Иран халқына көңіл айтты / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президенті Ибрахим Раисидің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Ақорда ақпаратына сүйенсек, Президент Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси мен үкіметтік делегация мүшелерінің Шығыс Әзербайжан провинциясында тікұшақ апаты салдарынан қайтыс болуына байланысты Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан осы елдің Жоғары лидері Әли Хаменеи мен бірінші вице-президенті Мохаммад Мохберге және барша Иран халқына көңіл айтқан.

«Тікұшақ апаты салдарынан Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси мен оның сенімді серіктерінің қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алдым. Ибрахим Раиси – Иран мемлекеті мен халқының әл-ауқатын арттыруға, мүддесінің мұқалмауына, аймақтағы тұрақтылықты сақтауға өз өмірін риясыз арнаған көрнекті мемлекет қайраткері. Оның қолға алған бастамалары мен жетістіктері халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғаны баршаға мәлім. Қазақстандықтар Ибрахим Раисиді парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», – деп жазылған Президент жеделхатында.

19 мамыр кешке Иранның Tasnim басылымы Ибрахимом Раиси мен Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдулахиан мінген тікұшақтың Шығыс Әзербайжан аймағында апатқа ұшырағанын жазған.

Қызыл Ай ұйымының ирандық құтқарушылары Иран президенті Ибрахим Раиси отырған тікұшақ құлаған сәтте оның жолаушыларының барлығы қайтыс болғанын хабарлады. 10 сағаттан артық іздеу жұмыстарымен айналысқан құтқарушылар толыққанды жанып кеткен тікұшақты ғана тапқан.

20 мамыр күндіз Иранның ресми билігі президенттің тікұшақ апатынан қайтыс болғанын ресми түрде растады.

Бортта Раисимен бірге Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдулахиан, Аятолла аль-Хашем, имам Джума-Тебриза да болған. Ибрахим Раисидің Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен бірге Арас өзені бойындағы плотнинаның ашылуына қатысуды жоспарлаған. 

Сондай-ақ оқыңыз