Қызыл Ай: Иран президенті тікұшағының барлық жолаушысы қайтыс болған

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Иран президенті тікұшағының барлық жолаушысы қайтыс болған / Фото: Ali Hamed Haghdoust/IRNA

Қызыл Ай ұйымының ирандық құтқарушылары ел президенті Ибрахим Раиси отырған тікұшақ құлаған сәтте оның жолаушыларының барлығы қайтыс болғанын хабарлады. 10 сағаттан артық іздеу жұмыстарымен айналысқан құтқарушылар толыққанды жанып кеткен тікұшақты ғана тапқан.

Ұйымның басшысы Пир Хосейн Коливанд Иран президентінің тірі қалғаны туралы нақты ақпарат жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, құтқарушылар апат болған жерді тексеріп үлгерген, алайда тірі қалған адамды таппаған. Жария болғаны бейне кадрларда тікұшақтың толыққанды өртеніп кеткені байқалады.

Астана уақытымен таңғы сағат 5:30 шамасында түрік Байрактар Акинчи іздеу құралы тікұшақ құлаған орынды тапқан. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар тікұшақты тауып, оның өртеніп кеткенін хабарлаған.

Reuters агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Иран президенті Ибрахим Раиси мен сыртқы істер министрі тікұшақ апатынан қаза тапқан. Бұл туралы агенттікке Иран шенеунігі хабарлаған.

19 мамыр кешке Иранның Tasnim басылымы Ибрахимом Раиси мен Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдулахиан мінген тікұшақтың Шығыс Әзербайжан аймағында апатқа ұшырағанын жазған.

Жалпы үш тікұшақ бірге ұшқан. Оның ішінде шенеуніктер мен министрлер мінген екі әуе көлігі діттеген жеріне аман-есен жеткен. Шетелдік басылымдар тұманның президент тікұшағының қонуына кедергі болғанын хабарлаған.

Бортта Раисимен бірге Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдулахиан, Аятолла аль-Хашем, имам Джума-Тебриза да болған.

Ибрахим Раисидің Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен бірге Арас өзені бойындағы плотнинаның ашылуына қатысуды жоспарлаған. 

Сондай-ақ оқыңыз