Жаңалықтар

Пәкістан Қырғызстандағы 540 студентін елге қайтаруға 3 арнайы рейс жібереді

Пәкістан Қырғызстандағы азаматтарын елге қайтарады / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Пәкістан Қырғызстанда оқып жатқан 540 студентін елге қайтару үшін 3 арнайы коммерциялық рейс жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы елдің Лахор қаласында өткен баспасөз мәслихатында Пәкістан сыртқы істер министрі Мухаммед Исхак Дар айтты.

ArabNews басылымының ақпаратына сүйенсек, министр елге жалпы саны 670 адамның кері қайтарылатынын айтқан.

«Кеше Пәкістанға коммерциялық рейспен 130 жуық студент оралды. Бүгін үш арнайы коммерциялық рейс ұйымдастырылады. Тағы 540 студент қайта алады, жалпы саны — 670 адам елге оралады»,  деді министр.

Ол жағдайға байланысты Қырғызстан сыртқы істер министрі Жиенбек Құлыбаевпен телефон арқылы сөйлесіп, келіссөздер жүргізгенін айтқан. Сонымен қатар Бішкектегі Пәкістан азаматтарына қатысты болған оқиға туралы талқылаған. Келіссөздер барысында қандай шешім қабылданғаны туралы екі тарап та ақпарат бермеді.

Қырғызстандағы дүрбелеңге Пәкістан билігі алаңдап отырғанын жасырмай, нақты шара қабылдайтындарын мәлімдеген. 17 мамыр күні Бішкекте жергілікті тұрғындар топ болып келіп, шетелдік азаматтарға қоқан-лоқы көрсеткен. Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша жаппай төбелестен 30-ға жуық адам жараланды. Мұның алдында Бішкектегі хостелде қақтығыс болған. Қырғызстан азаматтары жерлестеріне қол жұмсағандардан кек алуға оқталған.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев жергілікті азаматтардың талабына да құлақ асқанын, кінәлілерді ұстаумен қатар Қырғызстанда заңсыз жүрген мигранттарды жедел түрде анықтайтынын хабарлады. 5 мың шетелдік азаматты тексеріп, біразын елден шығарып жіберуге шешім қабылданды. Тексерілгендердің 1300-і Пәкістан азаматы екені белгілі болған.

Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Авазбек Атаханов Пәкістан Ислам Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшісі Хасан Али Зайгаммен кездесті. Тараптар елдегі жанжал себебін, ортақ шешім қабылдау жайын талқылады. 18 мамыр күні Пәкістан сыртқы істер министрі қарсылық нотасын Қырғызстан елшілігіне табыстады. Бұл құжатта Қырғызстаннан пәкістандық азаматтар мен студенттерді қорғау үшін барлық шараны қабылдау талап етілген.

Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қазақ-қырғыз шекарасынан пәкістандық студенттер өтіп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды