Бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жаңа қызметке тағайындалды
Бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Президент кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының өкімімен Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Ерұлан Жамаубаев 2024 жылы ақпан айының басында Президент өкімімен тараған Әлихан Смайыловтың Үкімет үйінде вице-премьер және Қаржы министрі лауазымдарын қатар алып жүрген. Алайда жаңа премьер Олжас Бектеновтің командасына енбей қалған.
Ол 2020 жылдан бері Қаржы министрі лауазымын атқарған. Оған дейін әр жылдарда Ұлттық банкте, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс банкінде», Президент әкімшілігінде қызмет еткен. 2018-2019 жылдары бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі болған.
5 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отставкасын қабылдап, Үкіметті басқару функциясын уақытша Роман Склярға жүктеген.
Әлихан Смайылов басқарған Үкіметтің соңғы құрамы 2023 жылы 4 сәуірде бекітілген. Смайылов басқарған Үкіметтің жұмысына қатысты сарапшылар пікірін білген едік.
6 ақпанда мемлекет басшысының Жарлығымен Мәди Төкешұлы Такиев Қазақстан Республикасының Қаржы министрі лауазымына тағайындалды.