Алтын бағасы рекордтық көрсеткішке жетті

Жарияланды
Алтын бағасы
Алтын бағасы: Таяу Шығыстағы белгісіздік нарыққа ықпал етті /Фото: shutterstock

Алтын бағасы 20 мамыр таңғы сессия барысында рекордтық көрсеткішке жетті. Осылайша құнды метал бағасы бір унциясы үшін 2 450,05 долларды құрады. Бұл туралы Trading Economics хабарлады.

Таяу Шығыс пен АҚШ-тағы көрсеткіштер ықпалы басым

Баға өткен аптада АҚШ-тағы инфляцияның баяулауын көрсететін жаңа статистикалық мәліметтер жарияланғаннан кейін қымбаттай бастады. АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі биылғы жылы пайыздық мөлшерлеменің төмендеуін болжап отыр.

Бұған қоса, Иран президенті Ибрагим Раисидің тікұшақ апатынан қайтыс болғаны туралы хабардан кейін инвесторлар қорғаныс активтеріне көбірек көңіл бөлді. Аталған жағдай Таяу Шығыстағы саяси белгісіздікті күшейтіп, нарық қатысушыларының көңіл күйіне ықпал етіп отыр.

Бұл ретте биржада алтынның бір унциясы 2 437,07 доллардан сатылуда, бұл соңғы сессияның қорытындысынан шамамен 1%-ға қымбат.

Айта кететіні, Trading Economics алтын бағасын биржадан тыс нарықтық құралдар бойынша келісім-шарттар негізінде есептейді.

Басқа металдар бағасы да құбылды

20 мамыр басқа бағалы металдар да қымбаттады. Платина фьючерстері 0,2%-ға қымбаттап, унциясы үшін 1096,50 долларды құрады. Күмістің бағасы 3,2%-ға өсіп, бір унция үшін 32,285 долларға жетті. Бұл 2012 жылдың желтоқсанынан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Сарапшылар болжамы қандай?

«Алтынның қымбаттауына Иран президентінің ұшақ апатынан қайтыс болуынан кейінгі белгісіздік туралы жаңалықтар себеп болды. Ақпарат аз болғандықтан, қорытынды жасауға асықпау керек», – деп хабарлады Bloomberg агенттігі ABC Refinery зауытының қызметкері Николас Фрапеллге сілтеме жасап.

Бұған дейін Citibank сарапшылары алдағы 6-18 айда алтынның бағасы қымбаттайды деп болжаған. Сарапшылар троя унциясы үшін 3000 долларға жетеді деп есептейді. Олардың пікірінше, геосаяси шиеленіс алтынның бағасына ықпал етуде және бұл қор индекстері бойынша рекордтық деңгейге сәйкес келеді.

Еске сала кетсек, 6 наурыз күні Нью-Йорк Comex биржасында алтынның сәуір айындағы келісімшарттары бойынша баға 0,3%-ға төмендеп, бір унция үшін 2135,2 долларды құрады. Бір күн бұрын баға тарихтағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, сауда сол межеде жабылған. Ол кезде бағалы металдың бір трой унциясы 2141,9 болды.

Сондай-ақ оқыңыз