Жаңалықтар

Қазақстанда шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны баяулап келеді – Ұлттық банк

Қазақстанда шикізат пен материалдар бағасы
2024 жылдың басынан бері дайын өнімдер, шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны бәсеңдеді / Фото: shutterstock

Қазақстанда шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны төмендеді. Бұл елдегі экономиканың нақты секторларында дайын өнімге деген сұраныс пен өндіріс көлемінің артқанын көрсетеді, деп хабарлады Ұлттық банк.

2024 жылдың I тоқсанында экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарда арнайы сауалнама жүргізілген. Оның нәтижесін ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявскийдің түсіндірді.

«Нақты сектор кәсіпорындарында жүргізілген сауалнаманың қорытындысы 2024 жылғы І тоқсанда өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста, саудада, сондай-ақ көлік пен қоймада сақтауда дайын өнімге сұраныс артқанын көрсетті. Осы жылдың ІІ тоқсанында құрылысты қоспағанда (біршама баяулауын), барлық салада сұраныспен байланысты жағдай жақсарады деп күтіледі», – деп болжады сарапшы.

2024 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында да экономикада шикізат пен материалдар бағасының өсуі баяулаған. Ал барлық салада өндіріс көлемінің артқаны байқалды.

Сонымен қатар кәсіпорындардың мәліметі бойынша, 2024 жылғы ІІ тоқсанда барлық салада шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны төмендеген. Осылайша дайын өнім бағасының өсу қарқыны баяулайды күтіледі. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласы есепке алынған жоқ, онда бағалар бұрынғы деңгейде сақталады.

Сауалнамаға сәйкес, ауыл шаруашылығында, саудада және өңдеуші өнеркәсіпте өндіріс көлемі артуы мүмкін. Зерттеуге тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік пен қоймада сақтау салаларынан барлығы 2,6 мыңнан астам кәсіпорын қатысты.

Еске сала кетсек, Қазақстанда 2024 жылдың басынан бері дайын өнімдер, шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны бәсеңдеп келеді.