Қатарлық инвестор Bereke Bank-ті сатып алды
Қатарлық инвестициялық Lesha Bank Bereke Bank-ті сатып алу бойынша мәміле жасағанын хабарлады. Тиісті ақпарат Қатар қор биржасының сайтында жарияланды. Мәміле сомасы 65 млрд теңгені құрады. Бұл несие мекемесінің меншікті капиталының 39,8%-ына тең (1 сәуірдегі жағдай бойынша 163 млрд теңге).
Мәміле 31 наурызда жасалған. Бірақ әлі ресми түрде жарияланған жоқ.
Наурыздың ортасында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова Lesha Bank пен Bereke Bank-тің бұрынғы иесі «Бәйтерек» холдингі арасындағы келіссөздердің соңғы кезеңге келгенін мәлімдеген.
Ол шетелдік банктердің қазақстандық нарыққа шығуына жағдай жасау үшін реттеуші банк заңнамасын қайта қарауды бастағанын айтты.
2024 жылдың ақпан айында Bereke banк-ті Қатардан келген инвестор сатып алатыны белгілі болды. Қатар инвест банкі Lesha Bank «Бәйтерек» холдингімен Қазақстандағы банкті сатып алу туралы алдын ала келісім жасасқан.
Айта кетейік, Bereke bank – 2022 жылдың наурызында АҚШ-тың санкцияларына ұшыраған Сбербанктің бұрынғы еншілес ұйымы. АҚШ санкциясына ұшыраған соң, халықаралық төлем жүйелерінен ажырап қалған болатын. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік Сбербанк оны «Бәйтерек» ұлттық холдингіне сатты. Келісімнен кейін қаржы институты атауын Bereke Bank деп өзгертті.
2023 жылдың 8 наурызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды.