«Полиметалл» директорлар кеңесі компания атауын өзгертіп, 2023 жылға дивиденд төлемеуді ұсынды
OFAC (Office of Foreign Assets Control) санкцияларына ұшырап, ресейлік бизнесін сатқан «Полиметалл» басшылығы компания атауын өзгертпек. Solidcore Resources plc деген атауды ұсынылған. Бұл туралы алтын өндірушінің хабарламасында жазылған.
«Компания акционерлерден Solidcore Resources plc деген атауды бекітуді сұрайды», – деп жазылған есепте.
Құжатқа сүйенсек, ресейлік бизнесті сату «Полиметалл» тобының борыштық жүктемесінің айтарлықтай төмендеуіне әкелген. Осылайша топ өтімділігі артты. Дегенмен компания ұзақ мерзімді даму жоспарына қол жеткізу үшін Қазақстан мен Орталық Азиядағы жобаларға 1 млрд доллардан астам инвестиция салуы қажет. Оның ішінде жаңа Ертіс ТМК, сондай-ақ M&A мәмілелері бар.
«Геосаяси және макроэкономикалық орта күрделі күйде қалып отыр және қарыз қаржының негізгі көздеріне қол жеткізу әлі қалпына келген жоқ. Осыған байланысты компания директорлар кеңесі 2023 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған жыл үшін дивиденд төлеуді ұсынбайды», – деп хабарлады компания.
Еске сала кетсек, соңғы рет «Полиметалл» 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында дивиденд төледі: бір акция үшін 0,45 доллар, жалпы сомасы 213 млн долларды құрады.
Компанияның ең ірі акционері – Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International қоры (23,9%) басқаратын Оман инвесторларының консорциумы. Акцияларының 75%-ы Астана мен Мәскеу қор биржаларында еркін айналымда жүр. оның ішінде салыстырмалы түрде үлкен үлесі (4%) BlackRock-ке (SPB: BLK) тиесілі.
Бұған дейін Ресейдегі Polymetal Int басшылары санкцияға байланысты қызметінен кетті. Кейін өндіруші қазақстандық активтеріне санкция салынбағанын хабарлады.
Ал биыл қаңтарда ең ірі күміс және алтын өндіруші негізгі акционерінің ауысқаны туралы хабарлады.
Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International (MII) қорының еншілес ұйымы – Maaden International Investment LL кен өндіруші компанияның 23,9% акциясын сатып алған. Нәтижесінде ол компанияның ірі акционеріне айналды.