Қанша алматылық банкрот деп танылды – Мемлекеттік кірістер департаменті жауап берді
Жеке тұлғаның банкроттығы бойынша Алматы қаласының тұрғындарынан 8100 өтініш түсіп, соның ішінде 1 134 адам банкрот деп танылған. Бұл жайды Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің қарызын өтей алмайтын борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Айдос Будугулов мәлімдеді.
«Заң күшіне енген күннен бастап бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша келіп түскен өтініштердің саны – 8100, оның ішінде, осы жылдың басынан бері – 1727 адамнан өтініш түсті», – деді Будугулов.
Комитет өкілінің айтуынша, банкроттыққа өтініш беру «Электрондық үкімет» порталы, «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Сонымен бірге «Qoldau» жеке тұлғалардың банкроттығы ақпараттық жүйесі арқылы тіркеуші Мемлекеттік органдардың, банктердің және кредиттік бюролардың электрондық дерекқорларымен салыстыру арқылы борышкердің кіріс өлшемдеріне сәйкестігі тұрғысынан автоматты түрде салыстыру жүргізіледі. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бүгінде қала бойынша 1134 адам банкрот деп танылып, олардың қарызы 6,6 млрд теңгені құраған. Ал осы жылдың басынан бері 370 адам банкрот деп танылған. Олардың қарызы 3 млрд теңге болған.
Өтініш берген 5 980 адамның өтініші қабылданбаған. Ал осы жылдың басынан бері 1 046 азаматтың өтінішінен бас тартылған. 676 адамның өтініші қабылданып қаржылық мониторинг жүргізіле бастаған.
Осы орайда комитет өкілі заңды іске асыру барысында туындайтын негізгі құқықтық кедергілерді атап өтті. Олар мынадай:
- Өтінім бергенде борышкердің қолында кредитормен қарызды ретке келтіру туралы құжаттың болмауы;
- Борышкерлер өтінім берген кезде несие берушілер алдындағы қарызының нақты сомасын, сондай-ақ несие берушінің атауын білмеуі;
- Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға болатын қаржы ұйымдарының тізімінде кредитордың болмауы;
- Несиені 12 ай қатарынан өтемеу шартының, кредиторлардың біржақты қарызды қайта құрылымдау барысында түскен мардымсыз сомаларға сай орындалмауы.
- Екі несиелік бюроның деректер базасында бірдей ақпараттың болмауы.
Будугулов сонымен бірге өзін банкрот деп жариялау туралы шешім қабылдаған азаматтарға бұл процедурадан кейінгі салдар жөнінде айтты.
«Ломбардтарда шағын несие алуды қоспағанда, 5 жылға несие алуға шектеу қойылады. Қайта банкрот деп тану 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады. Банкроттықтан кейінгі 3 жыл ішінде қаржылық мониторинг жүргізіледі», – дейді ол.
Сонымен бірге соттан тыс немесе сот тәртібімен банкроттық рәсімдері қолданылғанға дейін үш жыл ішінде мүлік жасырылған немесе жойылған, сондай-ақ қасақана банкроттық фактілері болған жағдайда банкроттық рәсімі аяқталады. Алайда рәсімнің тоқтатылуы борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерінен құтылуына мүмкіндік бермейді.
Еске сала кетсек, «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заң күшіне енгелі 10 мыңға жуық адам банкрот деп танылып, олардың қарызының сомасы 19,8 млрд теңгені құраған. 10 мың қазақстандықтың жартысынан астамы 5 жылдан бері берешегін өтей алмай жүргендіктен, банкрот деп танылған.