Жаңалықтар

Бюджет қаражатын үнемдеу: Digital Bridge 2024 халықаралық IT-форумы өткізілмейді

Digital Bridge 2024 халықаралық IT-форумы
Digital Bridge 2024 халықаралық IT-форумы 2025 жылы өтеді / Фото: kursiv.media

Digital Bridge 2024 халықаралық IT-форумы өткізілмейді. Бұл жайлы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі су тасқыны жағдайына байланысты ірі іс-шаралардан бас тарту туралы тапсырмасына сәйкес Digital Bridge 2024 халықаралық ІТ-форумын өткізбеу туралы шешім қабылданды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Аталмыш форум Астанада 2024 жылдың 5-7 қыркүйегінде өтуі керек болған. Осы уақытқа жоспарланған Digital Bridge форумы 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Форумда IT-индустрияның соңғы тенденциялары мен даму перспективалары талқыланады. Солайша бұл форум Орталық Азиядағы ең ірі алаңдардың біріне айналған.

Бұл форум осыған дейін де бір рет өткізілмеген. Онда шара 2020 жылғы жаһандық COVID-19 пандемиясына байланысты өтпей қалған. Ал осы жылғы шараның өткізілмеуіне Қазақстандағы соңғы 80 жылдан бері болмаған су тасқыны себеп болып отыр.

«Digital Bridge ұйымдастырушылары – ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Astana Hub халықаралық технопаркі форумға қатысуға мүдделі барлық адамдарға алғыс білдіреді. Қолайлы жағдайларда Digital Bridge халықаралық IT-форумы өз жұмысын 2025 жылы қайта бастайды», – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы қаражатты үнемдеу мақсатында Үкіметке жоспарланған имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізуден бас тартуды тапсырды.

«Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі. Әрине, маңдай термен тірнектеп тапқан дүние-мүлікті бір сәтте жоғалту оңай емес. Мен мұны түсінемін. Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын: бүкіл халық – сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды»,– деді Президент.

16 сәуір күні Солтүстік Қазақстан облысында эвакуацияланған тұрғындармен кездесу кезінде халықаралық шараларға жұмсалатын бюджет қаржысын қысқартуды тағы да ескертті. Ол үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді

Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы осы жылдың 13-14 маусымында болатын Астана халықаралық форумын өткізбеу туралы шешім қабылдаған болатын. Президент форумға шақырылған қонақтар бұл шешімге түсіністікпен қарайды деп сенетінін жеткізді. Ал Астана халықаралық форумы өз жұмысын 2025 жылы жалғастыратыны хабарланды.