«Қазмұнайгаз» есебі: 2024 жылдың бірінші тоқсанында мұнай өндірісі 1,7%-ға артқан

Жарияланды
Румыниядағы KMG International зауыттарындағы мұнай өндіру көлемі 25,9% азайған / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ 2024 жылдың бірінші тоқсанына арналған өндірістік нәтижесін жариялады. Есепке сенсек, 2024 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 1,7%-ға артқан.

Осы жылдың бірінші тоқсанында ҚМГ 6 064 мың тонна мұнай, 2 522 млн текше метр газ өндірген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 5 961 мың тоннаны құраған. Ал газ өндіру +4,6%-ға артып отыр, 2023 жылдың сәйкес кезеңінде елде 2 410 млн текше метрі газ өндірілген.

ҚМГ хабарлауынша, мұнай тасымалдау көлемі де артқан. Мұнай тасымалы биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 14,2%-ға ұлғайып, 21 541 мың тоннаны құраған. Ал өткен жылдың сәйкес кезіңінде 18 858 мың тонна мұнай тасымалданған.

Теңізде мұнай өндіру 2,1% ұлғайып, 1 500 мың тонна болған. Кен орнынан тәулігіне 132 мың баррель мұнай өндірілген. Ілеспе газ өндіру 839 млн текше метрді құрап, 3,4%-ға өскен.

Қарашығанақта да мұнай мен конденсат өндіру көлемі 3,5%-ға ұлғайып, 291 мың тоннаны құраған. Бұл жерден тәулігіне 25 мың баррель мұнай өндірілген. Газ өндіру 13,0%-ға артып, 638 млн текше метр болған. Өндірістің өсуі Орынбор газ өңдеу зауыты тарабынан шикі газды қабылдау мүмкіндігін қалпына келуімен түсіндірілген.

Ал Қашағандағы мұнай өндіру көлемі керісінше 1,7%-ға төмендеген. Кен орнынан тәулігіне 68 мың баррель мұнай өндірілген. Көрсетікшітердің төмендеуіне ілеспе газды кері айдау және өңдеу қуатының шектелуі себеп болған. Ал газ өндіру көлемі 501 млн текше метрді құраған. Бұл өткен жылдың көрсеткіштерімен бірдей.

Сонымен бірге Румыниядағы KMG International (Петромидия, Вега) зауыттарындағы өңдеу көлемі 25,9% азайып, осы тоқсанда небәрі 1004 мың тонна мұнай өндірілген. Көрсеткіштердің төмендеуіне жеңіл гидрокрекинг қондырғысының кеш іске қосылуы, сондай-ақ зауыттың есепті жылдың наурыз айының бірінші жартысынан бастап күрделі жөндеуге тоқтауы себеп болған.

Мұнай өңдеу және тасымалдау

Ал ҚМГ-ның өзі өндіретін мұнай мен газ конденсатын өткізу көлемі 3,2% ұлғайып, 6 124 мың тоннаны құраған. Солардың ішінде 64,6%-ы экспортқа жеткізілген.

«Ішкі нарықтың қажеттіліктерін жабу үшін меншікті өндірілген мұнай мен газ конденсатын ішкі нарыққа жеткізу көлемі 2 165 мың тоннаны құрады, оның ішінде мұнайды одан әрі өңдеу және мұнай өнімдерін өткізу үшін Атырау мұнай өңдеу зауытына, Шымкент мұнай өңдеу зауытына және Павлодар мұнай-химия зауытына операциялық активтердің (Өзенмұнайгаз, Ембімұнайгаз, Қазақтүрікмұнай және Өріктау Оперейтинг) шикі мұнайын 1 455 мың тонна көлемінде жеткізді»,- делінген ҚМГ есебінде.

Мұнайды магистральды және теңіз арқылы тасымалдау көлемі 14,2%-ға, 21 541 мың тоннаға дейін ұлғайған.

Атап айтқанда, мұнайды магистральды құбырлар арқылы тасымалдау көлемі 7,9% ұлғайып, 18 081 мың тоннаны құрады. Бұл Еуропаға экспорттық мұнай көлемін тасымалдаудың артуы, сондай-ақ мұнай транзиті мен Ақтау портынан мұнайды жөнелту көлемінің ұлғаюы есебінен көбейген.

Есепті жылы мұнайды теңіз арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі Жерорта және Каспий теңіздеріндегі көлемдердің өсуі арқасында 65,2%-ға артып, 3 460 мың тоннаға жеткен. Бұл ретте Жерорта теңізінің акваториясында тасымалдау көлемдерін артуы Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы тасымалданатын әзербайжандық мұнай есебінен болған. Ал Каспий теңізіндегі көлемдердің ұлғаюына Ақтау порты – Махачкала порты және Ақтау порты – Баку порты бағыттары арқылы тасымалдау көлемдерінің артуы себеп болған.

Сондай-ақ оқыңыз