БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендер үшін 357 үй салынып жатыр
БҚО-дағы Сырым, Қаратөбе, Теректі, Бөрлі және Бәйтерек аудандарында 357 үйдің құрылысы басталды. Әкімдік мердігер ұйымдарды анықтаған. Тамыз айында баспана беріле бастайды.
Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қорлар мен компаниялар қолдау көрсетуде. «Қазақстан халқына» қоры Сырым ауданында 114 үй салуға 2 млрд теңге бөлді.
Оған қоса жергілікті жер қойнауын пайдаланушы компаниялар – «Жайықмұнай», «Конденсат» және «АқсайГазСервис» 75 үйді салмақ. «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы «Ақжайық» қоры арқылы 71 үй құрылысына көмектеседі.
Облысқа вице-премьер Қанат Бозымбаев ірі компания және отандық банктердің жетекшілерімен келді. Олар су басқан саяжай учаскелерін аралады. Уақытша қосындардағы халықпен кездесті.
Су тасқыны басталғалы өңірде 8,5 мыңнан астам адам үйіне оралды. Комиссия үйлерді тексеруді және залалды бағалауды жалғастыруда. Әзірге 466 жеке тұрғын үй мен 2,5 мыңнан астам саяжай учаскесін жөндеуге келмейтіні анықталған.
Қанат Бозымбаев үйлер мен саяжайларды бағалау мен техникалық тексеруді айдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
«Қала әкімдігіне жаз біткенше саяжай тұрғындарына арнап тұрғын үй салу немесе сатып алу тапсырылды. Айта кетейік, бұрынғы жерде үйлер салынбайды. Ойпатты жерлерде жер үй салуға тыйым салынады», — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.