Жаңалықтар

«Бәйтерек» инвестиция салған жылыжай кешені екінші жыл қатарынан шығынға ұшырады

«Бәйтерек» инвестиция салған жылыжай кешені екінші жыл қатарынан шығынға ұшырады/shutterstock

Алматыдағы жылыжай кешеніне иелік ететін BRBAPK компаниясы 2023 жылды 958 миллион теңге шығынмен аяқтады. Бес жыл бұрын оған «Бәйтерек» ұлттық холдингінің құрамына кіретін венчурлық қор инвестиция салған. BRBAPK қаржылық есебінің деректеріне сәйкес, венчурлық қор компания акцияларының 36%-ын иеленеді.

Егер 2022 жылдың соңында компания 130 миллион теңге операциялық табыс түсірсе, 2023 жылдың соңында ол 577,8 миллион теңге көлемінде шығынға ұшыраған.

Қаржылық шығындармен бірге компанияның жалпы шығыны 958,8 миллион теңге болса, 2022 жылғы жалпы шығыны 271,5 миллион теңге деп есептелінген.

Бұл ретте компанияның активтері 8,3 млрд теңгеден 8,1 млрд теңгеге дейін, капиталы 3,3 млрд теңгеден 2,4 млрд теңгеге дейін қысқарды. Міндеттемелері керісінше 4,9 млрд теңгеден 5,7 млрд теңгеге өсті.

BRBAPK Алматы қаласы, Алатау ауданында 17 гектар жер теліміне иелік етеді. Оған көкөніс өсіретін жылыжай кешенін салды. Компанияның акционерлері Nomad Agro Land (1,8 млрд теңге сомасында 64%) және Baiterek Venture Fuпd (2019 жылдан бастап – 999,8 млн теңге сомасында 36%). Өз кезегінде Nomad Agro Land Ақмарал Мұқатова мен Лариса Подпаловаға тиесілі.