Ұлттық банк 2024 жылдың I тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнаманың қорытындысын жариялады. Сауалнамаға 19 отанадық банк қатысты.
Ірі және орта бизнестің кредит алуға сұраныс индексі өсті
Сауалнама нәтижесі бойынша I тоқсанда кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныс негізінен ірі және орта бизнес есебінен ұлғайды. Шағын бизнес көрсеткіші алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталды.
Шағын бизнес субъектілері мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрақты түрде несие алуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар жекелеген банктер 2023 жылдың соңында іске қосылған кепілді және кепілсіз скорингтік өнімдердің оң әсерін атап өтті. Кейбір банктер клиенттердің тәуекел профиліне қойылатын талаптарды қайта қарады. Нәтижесінде шағын бизнес нысандарының кредит алуға берген өтінімдерінің жалпы саны 6%-ға – 786 мыңға дейін өсті (тоқсаннан-тоқсанға).
Ұлттық банктің қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаев сауалнама қорытындысын талдаған. Соған сәйкес ірі және орта бизнестің кредитке деген сұраныс индексі I тоқсанда негізінен несие ресурстары құнының төмендеуімен аздап өсті.
Жекелеген банктердің пікірінше, мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландыруды қайта бастау да орта бизнес тарапынан сұраныстың артуына оң әсерін тигізді. Нәтижесінде орта бизнестің өтінімдерінің жалпы саны 7%-ға – 6,2 мыңға дейін артты. Өз кезегінде ірі бизнестің кредиттік өтінімдерінің саны 6%-ға қысқарды (169).
Кредиттік өтінімдерді мақұлдау үлесі бойынша ірі және орта кәсіпкерлік субъектілері көрсеткіші төмендеді. Осылайша, ірі бизнес үшін бұл көрсеткіш 51%, орта бизнес үшін 39%, ал шағын бизнес субъектілері үшін 35% деңгейінде сақталды.
Банктер сыйақы мөлшерлемесін біршама төмендету есебінен корпоративтік сектор үшін несие беру шарттарының біршама жұмсартылғанын атап өтті. Бұл ретте жекелеген банктер бірқатар өзге шарттарды сәл қатаңдатқан.
Келесі тоқсанда банктер негізінен несиелік ресурстар құнының төмендеуінің қазіргі динамикасына байланысты ірі және орта бизнес субъектілері тарапынан сұраныс одан әрі өседі деп күтеді. Ал шағын бизнес тарапынан сұраныстың өзгеруі күтілмейді.
Автонесиеге сұраныс төмендеді
Автонесиелерді қоспағанда, жеке тұлғалардың несиеге деген сұранысы I тоқсанда өсті.
Ипотекалық несиелерге деген сұраныс алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда, елеусіз өсім көрсетіп, іс жүзінде өзгерген жоқ. Жекелеген банктер бұл ретте несиелеу шарттарының жеңілдетілгенін алға тартты. Бұл нарықтық өнімдерге деген сұранысқа оң әсерін тигізді. Нәтижесінде кредиттік өтінімдер саны 1%-ға, 216 мыңға дейін өсті.
Тұтынушылық несиелерге деген сұраныс осы сегментте кредиттік өнімдерді неғұрлым жетілдіру нәтижесінде өсті. Жеке банктер оған несие шарттарының біршама жеңілдегені, соның ішінде мөлшерлеменің төмендегені себеп болды деп есептейді. Нәтижесінде келіп түскен өтінімдер саны 6%-ға, 38 мыңға дейін өсті.
Белсенді маркетингтік әдіс-тәсілдер, жекелеген банктердегі онлайн кредиттеу үлесі көбеюде. Осыдан тұтынушылық кепілсіз қарыздарға сұраныс саны артты. Кредиттік өтінімдер 21,1 млн-ға жетті, бұл өткен тоқсаннан 10%-ға артық.
Банктер I тоқсанда төмен ставкалары бар акциялық өнімдердің көпшілігінің аяқталуына және кепілді қамтамасыз ету құны бойынша параметрлердің тәуекелін қайта қарауға байланысты автокредитке сұраныстың біршама төмендегенін көрсеткен. Автокредит алуға берілген өтінімдер саны 2%-ға, 903 мыңға дейін қысқарды.
II тоқсанда банктер борыштық жүктеме коэффициентін есептеуге қойылатын талаптың қолданысына жататын қарыз түрлерінің кеңеюіне байланысты бөлшек кредиттердің барлық түріне сұраныс төмендейді деп күтеді.
Айта кетейік, 2024 жылдың I тоқсанында Ұлттық банк экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарда арнайы сауалнама жүргізген. Соның нәтижесінде Қазақстанда шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны төмендегені белгілі болды.