Ішкі істер министрлігі 25 мамырда қаупсіздік шараларын сақтау туралы түлектер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады.
Polisia.kz ақпаратына сүйенсек, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев биыл 25 мамырда еліміздің барлық мектебінде оқу жылының аяқталуына байланысты сынып сағаттары өткізілетінін еске салды.
«Құрметті ата-аналар мен түлектер, салтанатты іс-шаралар барысында полиция органдары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараны қабылдайтын болады. Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша әрбір оқу орнына жауапты полиция қызметкері бекітілді. Патрульдік нарядтар іс-шаралар өткізілетін орындарға барынша жақын болады»- деді ол.
Ведомство өкілінің айтуынша, мектептегі «соңғы қоңыраулар» аяқталғаннан кейін ата-аналардың рұқсатымен көптеген түлек іс-шараларды өз бетінше жалғастырады.
Өкінішке орай, жасөспірімдердің көлік тізгіндеуі қайғылы оқиғаларға әкеліп жатады. Өткен жылы мұндай фактілер Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы қаласында орын алды. Одан бөлек, ата-аналардың бақылауынсыз балалар тыйым салынған жерлерде суға түсіп жатады. Былтыр Ақмола, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы су айдындарының шомылуға жабдықталмаған жерлерінде жасөспірімдердің суға кету жағдайлары тіркелді. Осыны ескере отырып, ата-аналар мен түлектерді мінез-құлықтың қажетті нормалары мен ережелерін сақтауға шақырамыз. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда дереу 102 арнасына, ал төтенше жағдайлар туындаған кезде 112 нөміріне хабарласуды сұраймыз, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Айта кетейік, 26 сәуірде Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанның барлық мектебінде соңғы қоңырау соғылмайтынын, оның орнына оқу жылының аяқталуына арналған бірыңғай сынып сағаты өтетінін хабарлаған еді. Алайда 30 сәуір күні министр Ғани Бейсембаев мектеп бітіруші түлектер үшін 25 мамырда «Соңғы қоңырау» соғылатынын мәлімдеді.
Білім министрлігінің мәліметінше, биылғы оқу жылында білім беру ұйымдарында 5 миллионнан астам бала білім алған. 11 сыныпты 186 мыңнан астам түлек бітірсе, 341 мыңнан астамы 9 сыныпты аяқтайды.