Бес жылға жуық тергеуден кейін ІІМ «Bek Air» ұшағының апатына қаза тапқан ұшқыштарды кінәлі деп санайды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Ведомство ұшақ апатының себептерін зерттеу неліктен ұзаққа созылғанын түсіндірді / Reuters, бильд-редактор: Аружан Махсотова

2019 жылы Алматы маңында орын алған Fokker 100 ұшақ апатына қаза тапқан екі ұшқыш кінәлі болуы мүмкін. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі  «Курсивтің» ресми сауалына жауап беріп, бес жылға жуық тергеу жүргізілген істің орындалу барысын баяндады.

Ведомство мәлімдегендей, процеске қатысушылар тергеу нәтижелерімен және тергеу барысында жиналған материалдармен танысқаннан кейін, қылмыстық іс сотқа жіберіледі.

Айта кетейік, әуе кемесінің командирі 58 жастағы Марат Мұратбаев ұшақ апатынан, ал екінші ұшқыш 54 жастағы Мейіржан Молдақұлов бір айдан кейін көз жұмған еді.

Әуе кемесінің командирі және екінші ұшқыш іс бойынша күдікті деп танылды, олардың іс-әрекеттері ҚК-нің 344-бабының 3-бөлігі бойынша сараланған ( Жол қозғалысы және әуе көлігін пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзылуы)», – делінген жауапта.

Сондай-ақ министрлік Bek Air әуе компаниясының иесі мен басқа да лауазымды тұлғаларының процесуалдық мәртебесі қандай деген сұраққа жауап берді. Тергеу олардың орналасқан жерін білеме деген сауалға қатысты да түсініктеме берді.

Ведмоство олардың Қазақстанда екенін, іс бойынша ұшқыштар ғана күдікті деп танылғанын мәлім етті.  Ұшақ апатының себептерін тергеуге 4,5 жылдан астам уақыт кеткенін де түсіндірді.

«Жеке сараптамаларды шығару үш-төрт жылдан астам уақытқа созылды. Олар 2023 жылдың қараша — желтоқсанында аяқталды, ал қорытынды сараптама 2024 жылдың 14 ақпанында аяқталды. Сонымен қатар шет мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы бірқатар сауал мен іс үшін маңызы бар материалдар 2023 жылдың қараша айында ғана алынды», — деді ІІМ.

Ведомство атап өткендей, жалпы іс бойынша тергеушілер 1300-ден астам жауап алу, тінту және басқа да іс-әрекеттер жүргізген. Бес мыңнан астам заттай айғақтар тәркіленіп, зерттелген.

Айта кетейік, осыған дейін «Bek Air» ұшағының апатқа ұшырауына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері аяқталғаны туралы хабарлаған едік.

Бас көлік прокуратурасы жариялаған ақпаратқа сүйенсек, полиция департаменті процесс прокурорымен келісе отырып, Алматы әуежайы маңында 2019 жылдың 27 желтоқсанында «Bek Air» компаниясына тиесілі «Fokker-100» ұшағының апатқа ұшырауы фактісі туралы қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттерін аяқтаған.

Еске салсақ, 2019 жылы Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған ұшағы Алматы маңында апатқа ұшырады.  Таңғы 07 :22 кезінде № Z2100 рейсті ұшақ көтерілу биіктігін жоғалтып, бетон қоршауды бұзып, екі қабатты құрылыс нысанымен соқтығысқан. Әуе апаты салдарынан, 12 адам қаза тауып, 49 адам зардап шеккен. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған.

2021 жылы Алматы облысының Талғар аудандық соты бұрынғы шенеуніктер мен риелторға Bek Air ұшағы апат болған Алматы әуежайының жанынан жерді заңсыз бөліп беру ісі бойынша үкім шығарды. Бұрынғы үш шенеунікке 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Қалғандары 2,5 жылдан 4 жылға дейін сотталды. 

Антикордың елордалық департаменті Азаматтық авиация комитеті қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Алматы қаласы əуеайлағының ұшуға жарамдылығы сертификатын 2018 жылы заңсыз берген деген айып тағылған. Ол 2019 жылы «Fokker-100» ұшағының апатқа ұшырауына əкеп соққаны белгілі. Бұл туралы Бас прокуратураның депутаттық сауалға берген жауабында жазылған

Қазіргі уақытта аталған əуеайлақ аумағына жақын 23 тұрғын үй орналасқан.  2021 жылдың қазан айында ААК мамандары Алматы әуежайының ұшу-қону жолағын зерттеп, аэродромды пайдалануға жарамдылық нормаларынан ауытқу анықтаған. 

Сондай-ақ оқыңыз