Басталмай қалған ойын: Tencent акциялары арзандап кетті

Жарияланды
Tencent компаниясы Dungeon & Fighter Mobile платформасын іске қосып, бір сағаттан кейін тоқтатты / Фото: Reuters

Гонконгтағы сауда барысында Қытайдың технологиялық алпауыты Tencent Holdings акциялары 4%-ға дейін арзандады. Компания әлемдегі ең табысты компьютерлік ойындардың бірі Dungeon & Fighter-дің мобильдік нұсқасын іске қосқан болатын. Бірақ бір сағат ішінде тоқтатылды. Себебі ойыншылар 2024 жылдың ең аңсаулы ойыны онлайн-платформасына лап қойғанда сервер істемей қалған.

Толығырақ

Бүгін Гонконг биржасында Tencent акциясының бағасы төмендеп жатыр: 4%-ға – 379,6 гонконг долларына дейін барды.

Сәуірдің аяғында Tencent акциясы 2023 жылғы желтоқсаннан бергі максимумға дейін көтерілді. Ол кезде компания Dungeon & Fighter Mobile қосымшасын жоспарлы уақытынан бұрын іске қосатынын хабарлаған болатын. Кейінгі жыл ішінде Тencent акциясы 13%-ға, ал кейінгі үш айда 34%-ға қымбаттады.

Акция бағасы неге төмендеп жатыр?

Мобильдік ойын шығарушы ірі компания – Tencent бүгін, 21 мамырда Dungeon & Fighter Mobile қосымшасын іске қосты. Ресми атауы Dungeon & Fighter: Origin деп шыққан экшн ойынды кореялық Nexon компаниясы әзірлеген. Әлемдегі ең табысты компьютерлік ойындардың бірі –  Dungeon & Fighter-дің мобильдік нұсқасы.

«Іске қосылғанына бір сағат болғанда компания онлайн платформаны техникалық себепке байланысты жауып тастады. Tencent толыққанды жауап бермей, «серверде ауытқу» бар деген себеп айтты», – деп жазады Bloomberg.

Мұның салдары қандай болмақ?

«Сарапшылар ашылып үлгермеген платформаның кенет жабылып қалуын ойыншылар лап қойғанда сервердің шыдас бермеуінен көреді. Олар мұның көптен күткен жобаларға тән құбылыс екенін айтады», – деп жазады Bloomberg.

Серверді іске қосқан күні өшіріп тастау – ойынға деген жоғары сұраныстың белгісі. Мұның компания табысына айтарлықтай әсері болмайды деп санайды Bloomberg Intelligent сарапшылары. Олардың пікірінше, Tencent компаниясының бірінші тоқсанда ел ішінде сатқан ойынынан түскен кірісі 2024 жылдың соңына дейін ҚХР-дағы видеоойын нарығын қалпына келтіретініне сенімділік береді. Bloomberg Intelligent сарапшылары Қытайдағы видеоойын нарығы Қытайда 2024 жылы 6%-ға өседі деп болжайды, былтыр 13,9%-ға өскен.

Контекст

«Қытайдағы нормативтік талаптар күшейіп, геймерлердің ойнау уақытын шектегелі бері, компанияның даму қарқыны бәсеңдеп қалды. Енді Tencent жаңа өсу мүмкіндіктерін іздеп жатыр», – деп жазады Bloomberg.

Dungeon & Fighter ойыны 2022 жылы Оңтүстік Кореяда шығып, бірден топ жарды. Ал ойынның Қытай нарығына шығуы өкіметтің 2018–2022 жылдар аралығында ойын индустриясына қатысты қатаң шектеу қойғанына байланысты кейінге қалдырылды.

Bloomberg ақпаратына сүйенсек, Dungeon & Fighter Mobile Byte ойынына Dance және Genshin Іmpact Mihoyo студиясының сұрапыл ойындарымен бәсекелесуге тура келеді. Алайда сарапшылар танымал франшиза компания үшін лайықты табыс көзіне айналады деген баға беріп отыр. Jefferies сарапшысы Томас Чонгтың болжауынша, Tencent-тің ойыннан түскен табысы жылына 6 млрд юань (828 млн доллар) болуы мүмкін. Ақпанда Jefferies сарапшылары бұл ойынды Қытайдағы «табысы бойынша үздік бестікке енеді» деді.

«Tencent-тің бағалауы бойынша, ұзақ құлдырау кезеңінен кейін осы Dungeon & Fighter-дің шыққанына байланысты бұл тоқсанда компанияның ойындардан түсетін табысы екі таңбалы санға дейін өседі», – деп жазады Bloomberg.

 Акциялардың жайы

Market Watch  деректері бойынша, сарапшылардың барлығы дерлік (59-дан 57-сі) инвесторларға Tencent акцияларын сатып алуға кеңес береді. Бір сарапшы акцияларды сатпай, ұстап тұруды ұсынады (Hold), тағы біреуі сатуға кеңес берген (Sell). Орташа мақсатты баға –  58,64 доллар, бұл олардың саудасы жабылар кездегі құнынан 16,6%-ға жоғары.

Сондай-ақ оқыңыз