Қазақстанда наркологиялық есепте 18 мыңнан астам адам тұр. Бірақ елдегі нашақорлар саны 200 мыңнан асып түсуі мүмкін, деп хабарлады ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов. Оның айтуынша, ведомствода есірткі заттарын пайдаланатындарды есепке мәжбүрлі түрде алу жоспарлануда.
«Дәл қазір 18 200 адамды сенімді есепке алу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Денсаулық сақтау мекемелері келтірген мәліметтерге жүгінсек, бүгінде еліміз тіркеуде тұрған нашақорлардың 1,5 мың әйел болса, 66-сы кәмелетке толмағандар. Ал іс жүзінде бұл көрсеткіш 10 есеге көп болуы мүмкін. Алдын ала болжам бойынша олардың саны шамамен 200 мың. Сондықтан біз бұдан былай бірден тіркеуге алу бойынша әкімшілік жауапкершілікті арттыруды көздеп отырмыз. Ал дәл қазіргі уақытта есепке алу жұмыстары тек пациенттердің келісімімен ғана жүзеге асырылады», — деді Әмірханов Сенат қабырғасында өткен жиында.
Қазақстанда есірткіні қолдану қылмыс болып саналмайды. Тек қоғамдық орындарда пайдаланғандар ғана жауапқа тартылады. Мәселен, дәмхана, мұражай, кітапхана, пойыз, әуежайлар мен кіреберістер. Ал осы талаптарды бұзған нашақорларға 80 АЕК (295 мың теңге) айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады.
Сенатта өткен брифингте Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев полицейлердің көшелерде есірткі қолданатын азаматтарды қалай анықтайтынын да айтты.
«Адамның мінез-құлқынан байқалады. Нашақорлар есірткіні үйлерінде пайдаланғанымен көшеге бойын ашу кернеп шығатындықтан, оның арты жанжалға ұласып жатады. Арнайы наркологиялық сараптама кезінде тұтыну фактісі расталса нашақорды жауапкершілікке тартуға негіз болады», – деп түсіндірді Қожаев.
Мамыр айының басында Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда есірткі өндіргендерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды мақұлдады. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қылмыс үшін жазаны қатаңдату туралы ұсыныс жасаған болатын. Сондай-ақ мәжілісмендер қоғамдық орындарда есірткі қолдануды қылмыссыздандыруға келіскен.
Сонымен қатар түзетулер пакетінде дәрі-дәрмектерді рецепсіз сатқандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ереже бар. Заң жобасын ұсынған депутат Снежанна Имашева елде рецепсіз сатылатын кейбір дәрі-дәрмектер құрамында күшейткіші басым синтетикалық есірткілердің көбеюіне алаңдайтынын айтқан.