Тоқаев ШЫҰ мүшелеріне «Үш зұлым күшке» қарсы тұруда күш біріктіруді ұсынды

Жарияланды
шос
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

«Үш зұлым күш» – терроризм, сепаратизм және экстремизм. Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мұндай қауіп-қатерлерге қарсы тұруды үнемі қаперде ұстауы қажет. Бұл жайында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның СІМ басшыларымен болған кездесуде айтты.

«Қазақстан осы бағыттағы ықпалдастықты ұдайы нығайтуға ниетті. Терроризм, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күрес жөніндегі сіздермен келісілген ынтымақтастық бағдарламасы бұл бағытта жасалған нақты қадам болып табылады», – деді мемлекет басшысы.

Оның сөзінше, ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясы негізінде терроризмді қаржыландыру көздерін бұғаттаумен қоса, есірткі қаупіне қарсы күресуде қабылданып жатқан шараларды күшейте түсу керек.

«Осы жетістіктердің барлығы – Ұйым кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі нақты шаралардың айқын дәлелі», – деді мемлекет басшысы.

Сәуір айында Тоқаев ШЫҰ–ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларымен кездесу барысында әлемде халықаралық терроризм қаупі артып келе жатқанын мәлімдеді. Сондықтан дәл қазір жүйелі әрі нақты әрекетке көшу қажет екеніне тоқталды.

Сондай-ақ, Шанхай ұйымы о баста осы «үш зұлым күшке» қарсы тұру үшін құрылғанын еске салды.

Сөз соңында президент терроризм, сепаратизм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауды ұсынды.

ШЫҰ Азия аймағы мемлекеттері арасындағы қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық мәселелерімен айналысады. ШЫҰ-ға тоғыз ел кіреді: Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Иран.

Сондай-ақ оқыңыз