Алматы облысындағы Қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығына 1 бөлке нан 354 теңгеден жеткізіліп отырған. Кәсіпкердің қосқан үстемесі 153 пайызды құрады. Қаржы мониторингі агенттігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қымбатқа сатып алу фактісін анықтады.
120-дан аса бала тәрбиеленіп отырған мекемеге нан ғана емес, қарақұмық, күнбағыс майы, қант та қымбатқа жеткізілген.
«Сондай–ақ, ол қарақұмық жармасын – 145% (281 тг/кг алып, 687 тг/кг сатқан), күнбағыс майы – 63% (600 тг/л алып, 977 тг/л сатқан), қант – 38% (350 тг/кг алып, 480 тг/кг сатқан) үстемеақымен жеткізген», – делінген хабарламада.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке шекті сауда үстемесінің мөлшері 15%-дан аспауы тиіс.
Нәтижесінде жеткізуші әлеуметтік жауапкершілкке тартылған. Ал орталыққа азық-түлік жеткізуге жасалған шарт құны 1,3 млн теңгеге төмендетілген. Сонымен қатар бірқатар балабақша да жеткізушілермен қосымша келісім жасап, сатып алынатын азық-түлік бағасын 3,9 млн теңгеге арзандатқан.
Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі гидротехника нысандарын күтіп-ұстауға бөлінген 1 млрд теңгенің жымқырылғанын анықтаған болатын.