Жаңалықтар

«Фридом Финанстың» І тоқсандағы таза пайдасы 2023 жылмен салыстырғанда 66 пайызға қысқарған

таза пайдасы
Фото: kursiv.media архиві

«Фридом Финанс» АҚ активтері 2024 жылдың І тоқсанында 26,5 млрд теңгеге азайып, 290,5 млрд теңгені құраған. Бұл 2023 жылдың 31 желтоқсанымен салыстырғанда 8,4 %-ға аз. Компания І тоқсан нәтижесін шығарды.

Компания активтерінің азаюына сауда портфеліндегі бағалы қағаздардың 26,6 млрд теңгеге немесе 12,5%-ға төмендеуі себеп болған.

Ал міндеттемелер 2023 жылғы 31 желтоқсанмен салыстырғанда 27,5 млрд теңгеге немесе 16,7%-ға азайды. Ол тікелей РЕПО операциялары көлемінің 27,4 млрд теңгеге немесе 17%-ға қысқаруына байланысты 137,2 млрд теңгені құрап тұр.

Компанияның меншікті капиталы бұл кезеңде 0,6%-ға өсіп, 153,2 млрд теңгені құрайды. Бірінші тоқсандағы таза пайдасы 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 66,37%-ға қысқарған. 2023 жылдың І тоқсанында компанияның таза пайдасы 1,9 млрд теңгеге жеткен. Ал биыл 3 айдаға таза табыс 956,8 млн теңгені құрады.

Таза табыстың қысқаруын компания:

«Бұл көрсетілетін андеррайтер қызметтерінен комиссиялық сыйақылар түріндегі кірістердің 832,9 млн теңгеге немесе 60%-ға; шетел валютасымен жасалатын операциялардан келіп түсетін кірістердің 130,8 млн теңгеге немесе 57%-ға азаюына, сондай-ақ қаржы активтерін сатып алу-сатудан болатын шығыстардың 1,2 млрд теңгеге немесе 81%-ға; басқа шығыстардың 369 млн теңгеге немесе 48,73%-ға ұлғаюына байланысты болып отыр», – деп түсіндіреді.

Қазіргі кезде жарғылық капитал 98,5 млрд теңгені құрады. Бұл брокер арқылы клиенттер 86 мың шот ашқан. Сол шоттарда 3 айда 240 мыңнан астам мәміле жасалды.

«Фридом Финанс» АҚ – Қазақстан қор биржасында (KASE) саудаланатын бағалы қағаздардың 107 атауы бойынша, Astana International Exchange (AIX) биржасында саудаланатын бағалы қағаздардың 10 атауы бойынша ресми маркетмейкер.

Компания Freedom Holding Corp. халықаралық инвестициялық тобына кіреді.

«Фридом Финанс» 2023 жылы активтері 1,5 есе өскенін хабарлаған. 2023 жылғы таза пайдасы 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 14,8 млрд теңгеге немесе 70,2%-ға азайған. Бірінші кезекте бұл тікелей РЕПО бойынша операциялардың сыйақысын төлеуге байланысты болған.