Әлия Назарбаева иелік еткен зауытты мемлекет нарықтық құнынан екі есе арзанға сатты

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
зауытын
Зауыттың қаншаға сатылғаны белгілі болды. Коллаж: kursiv.media, биль-редактор: Артур Алескеров

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті бұрын Әлия Назарбаева иелік еткен қоқыс өңдеу зауытын 1,5 млрд теңгеге сатты. Бұған дейін зауыт 4,1 млрд теңгеге бағаланған болатын. Яғни нысан нарықтық құнынан екі жарым есе арзанға сатылған.

Электронды сауда алаңында жарияланған құжаттарда аукционның өткені жазылған. Аукционға Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Доскей ауылында орналасқан зауыт шығарылған. Сатылатын нысандар ішінде гараж, қойма, өндіріс цехы, шатырмен жабылған қойма, өндірістік корпус, химиялық тазалау цехы мен тағы да басқа ғимараттар бар. Сонымен бірге сатылымға түрлі металл қалдықтары да шығарылған.

Зауыт 2017 жылы салынған. Бұл кәсіпорын Орталық Азиядағы ескі көліктерді қайта өңдейтін жалғыз зауыт делінген. Металл қалдықтарынан шойын, болат, алюминий, түсті металдар қорытпаларын өндіруі тиіс еді. Алынған дайын өнім еліміздің металлургиялық кәсіпорындарына жеткізіледі.

Recycling Company зауытының негізін қалаған – Green Future Management Ltd жеке компаниясы. АХҚО-да тіркелген компанияның жалғыз иесі Әлия Назарбаева болды.

RecyclingCompany қаржы есептілігін жарияламайды. Алайда 2021 жылы бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Алена Чаниева Курсивке берген сұхбатында зауыт әр өңделген автокөлік үшін «ӨКМ операторынан» 123 мың теңге көлемінде өтемақы алатынын айтқан.

Ал «ӨКМ операторы» утильалыммен айналысқан. «ӨКМ операторы» жұмысы қазақстандықтардың көптеген шағымын туғызған еді. Нәтижесінде 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның утилизациялық алымға иелік етуін тоқтатып, оны мемлекеттік ұйымға беруді тапсырды. Ал компанияның басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«ӨКМ операторы» ЖШС-нің миллиардтаған қаржысын жымқырды деген үкіммен төрт адам түрмеге қамалды. Оларға бір жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру үкімі шықты. 

Істе күдікті деп танылған ұйымның бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтарова елден қашып кетті. Бір жыл іздеуде болған әйел 2023 жылдың шілдесінде БАӘ-нен елге экстрадицияланды. 2 қарашада оның 920 млн теңге көлеміндегі шығынды толық өтеп, алда тергеумен келіссөзге келуге дайын екені белгілі болды. Компанияның функциялары «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымына берілді. 

Экология министрі Ерлан Нысанбаев «ӨКМ операторы» компаниясынан сот ісі кезінде мемлекетке қайтарылған екі зауытты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті сатылымға шығаратынын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз