Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының жаңа әкімі Нұрдәулет Қилыбайға өңірді сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу бойынша тапсырмалар берді.
Тоқаев 17 мамырда Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалған Нұрдәулет Қилыбайды қабылдады. Ол жаңа әкімге өңірдегі коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуды тапсырып, инвестициялар есебінен қосымша сумен қамтамасыз ету нысандарын іске қосуды тапсырды.
«Облыс әкіміне Ақтау қаласы мен оның төңірегіндегі елдімекендерді жылумен, ауызсумен қамтамасыз етіп отырған МАЭК және «Каспий жылу, су арнасы» кәсіпорындарының балансындағы инфрақұрылымды жөндеу, жаңғырту жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Сондай-ақ өңірдегі су тапшылығын жою үшін «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын арттырып, жеке инвестициялар есебінен қосымша сумен қамтамасыз ету нысандарын іске қосу қажет», – делінген Ақорда хабарламасында.
Бұдан бөлек, президент Маңғыстаудың экономикасын әртараптандыру, соның ішінде жаңа өндіріс орындарын ашу және дамудың тың бағыттарын қолға алу керек екеніне назар аударды. Туризм, құрылыс, көлік-логистика салаларын өркендетуге айрықша мән беруді тапсырды.
17 мамырда Маңғыстау облысының әкімі болып, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның атқарушы директоры болған Нұрдәулет Қилыбай тағайындалған. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Ақтау қаласының әкімі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары дауазымдарын да қызмет еткен.
Еске сала кетсек, 16 мамыр күні өңірді 2021 жылдан бері басқарып келген Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі қызметінен босатылған болатын.