Бас прокуратура азаматтардың өтініштеріне жауап бергенде статистиканы бұрмалаған 38 шенеунікті жазалады
Бас прокуратура Павлодар облысында азаматтардың өтініштеріне жауап бергенде статистиканы бұрмалаған 38 лауазымды тұлғаны жазалады.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Павлодар облысы әкімінің аппараты қызметін тексеру кезінде азаматтардың жолданымдарын қарау кезінде заң талаптарының бұзылу деректерін анықтаған.
«Тексеру қорытындысы бойынша аталған ведомствоның әдеп жөніндегі уәкілі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 498-бабының 1-тармағымен өтініштерді қарау кезінде мемлекеттік құқықтық статистиканы бұрмалағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.
Комитеттің облыстық департаменті ақпаратына сүйенсек, тексеру қорытындысы бойынша 38 лауазымды тұлғаның жұмысынан қателік табылып, олар тәртіптік жазаға тартылған. Оның ішінде 15 адам әртүрлі деңгейдегі басшылар екені нақтыланған.
Айта кетейік, 2021 жылдың шілде айынан бастап азаматтардың сұраныстарын қараудың ашықтығы қамтамасыз ету үшін «e-Otinish» ақпараттық жүйесі енгізілген.
Бас прокуратура ақпарат беру кезінде статистика бұрмалағаны үшін кез келген органның әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескерткен.