Германияға қазақстандық мұнайды жеткізу бойынша келісімшарт мерзімі жыл соңына дейін ұзартылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Биыл Германияға қанша тонна мұнай жеткізіледі? / Архив: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Германияға Қазақстан мұнайын («Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» ресурсынан) жеткізу туралы қолданыстағы келісімшартты жыл соңына дейін ұзартты.

Қазақстандық «қара алтын» Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына тасымалданады.

Тасымал көлемі – айына 100 мың тонна.

«2024 жылы қаңтар-сәуір айларында Германияға экспортталған Қазақстан мұнайының көлемі (Атырау-Самара мұнай құбыры бойынша және одан әрі «Дружба» құбыры арқылы) 420 мың тоннаға жетті. Германияға Қазақстанның KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) мұнай сорты экспортталады», – деп жазылған хабарламада.

2024 жылдың қаңтар-сәуір аралығында «ҚазТрансОйл» АҚ Германияға 420 мың тонна қазақстандық мұнай тасымалдады. Шикізат «Транснефть» ПАҚ-ның магистральдық мұнай құбыры жүйесі арқылы «Адамова застава» жеткізу пунктіне дейін жеткізілді.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 330 мың тоннаға артық. 2024 жылдың мамыр айында «ҚазТрансОйл» АҚ Германияға 120 мың тонна қазақстандық мұнайды тасымалдауды жоспарлап отыр. 2023 жылы Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу үшін осы бағыт бойынша тасымалдаудың жалпы көлемі 993 мың тоннаны құрады.

Бұл транзит Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2002 жылғы 7 маусымдағы тиісті келісім аясында жүзеге асырылады.

Сондай-ақ оқыңыз