Жаңалықтар

Қазақстан Даму Банкі агроөнеркәсіп жобаларын 1,2 трлн теңгеге қаржыландырмақ

Қазақстан даму банкі
Қазақстан Даму Банкі агроөнеркәсіп саласымен айналысатын отандық инвесторлардың жаңа жобаларын қарауға кіріскен / Фото: kursiv.media

Қазақстан Даму Банкі агроөнеркәсіп жобаларын 1,2 трлн теңгеге қаржыландырады. Бұл жайлы «Қазақстан Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) басқарма төрағасы Марат Елібаев айтты.

Премьер-министр Олжас Бектенов банк басшысымен жұмыс кеңес өткізіп, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша басым бағыттарға талдау жасаған. Жиын барысында ет, сүт және астықты терең өңдеу, өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамыту, құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын және етті мал шаруашылығы кәсіпорындарын салу мәселелері талқыланған.  

«Марат Елібаев ҚДБ-ның екінші деңгейлі банктермен және басқа да қаржы институттарымен бірлесе отырып, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жалпы сомасы 1 трлн 220 млрд теңгеге қаржыландыруды қамтамасыз етуге дайын екендігі туралы баяндады»,  – делінген Үкімет үйінің хабарламасында.

Қазіргі уақытта банк отандық инвесторлардың жаңа жобаларын қарауға кіріскен.  

Осы орайда Үкімет басшысы Олжас Бектенов Банк басшылығына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, импортты алмастыруға және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға бағытталған инвестициялық жобаларға басымдық бере отырып қарауды тапсырған.  

Қазақстанның Даму Банкі – экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған қаржы институты. Ол негізінен ұлттық экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін жобаларға инвестициялайды.

Банктің агроөнеркәсіп секторында жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі мол. Оның ішінде Ақмола облысында ет өндіретін құс фабрикасын, майлы дақылдар өңдеу зауыттарын салу және жаңғырту жұмыстарын қаржыландырған. Сондай-ақ Банктің қаржыландыруымен Түркістан облысында еліміздегі ең ірі жылыжай кешенінің құрылысы басталған. Оның бірінші кезеңі келесі жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Банк бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2000 жылғы 28 желтоқсандағы №531 «Қазақстан Даму Банкі туралы» Жарлығы және ел Үкіметінің 2001 жылғы 18 мамырдағы №659 «Қазақстанның Даму Банкі» жабық акционерлік қоғамын құру туралы» Қаулысына сәйкес құрылған.