Жаңалықтар

Көрші елдермен сауда-логистикалық кешен ашылса, азық-түлік арзандай ма – Шаққалиев жауап берді

Азық-түлік бағасы арзандай ма
Министр азық-түлік бағасы құбылмалы екенін, сол себепті нақты болжай алмайтынын жеткізді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстан Қырғызстан және Өзбекстан елдерімен сауда-логистикалық келісімшартқа отырды. Бұл келісімшартта көзделген іс-шаралар жүзеге асқан соң Қазақстанда азық-түлік бағасы арзандай ма? Бұл сұраққа Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жауап берді.

Үкімет сағатынан кейін ұйымдастырылған брифинг барысында журналистер министрге азық-түлік бағасына қатысты сұрақ қойды.

«Қазақстан Қырғызстан және Өзбекстан елдерімен сауда-логистикалық келісімшартқа отырды. Болашақта суда-логистикалық арнайы кешен ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл хабтың ашылуы азық-түлік бағасының төмендеуіне әсер ете ме? Неге десеңіз, қазақстандықтардың тапқан табысының жартысынан астамы тек тамаққа жұмсалады. Бұл тенденция қашан өзгереді?», – деп сұрады журналист.

Министр бұл межеге жететін күн алыс емес екенін айтты. Яғни шекарадағы сауда-логистикалық хабтар алдағы 3-5 жылда құрылып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігі тумақ.

«Ішкі нарықтың қажетті азық-түлік өнімдерімен толығуы алдағы бірнеше жылда жүзеге асатын шаруа. Оның өзінде көптеген азық-түлік түрі бойынша импортқа тәуелді емеспіз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың дені елімізде өндіріледі», – деп мәлімдеді министр.

Журналист министрден қазақстандықтардың жалақысының жартысын азық-түлікке жұмсау тенденциясынан қашан арылатынын нақтылап қайта сұрады. Министр үлкен шығыннан қорқудың қажеті жоқ екенін айтты.

«Үлкен шығындардан қорықпаңыз, аз табыс табудан қорқыңыз» деген мақал бар. Яғни бізге көбірек өнім шығарып, жақсы табыс табу керек. Азық-түлік бағасы мен халық көп тұтынатын өнімдердің бағасына келер болсақ, олардың бағасы көп жағдайда құбылмалы. Сондықтан алдағы уақытта бағалардың қандай болатынын болжай алмаймын. Айтпағым табыс көзін үлкейтіп, өндірісті арттыруымыз керек», – деді Шаққалиев.

Еске сала кетсек, министр 2023 жылдың соңында әлеуметтік тауарлар бағасын мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тартатынын мәлімдеді. Яғни 2024 жылдың 1-ші жартыжылдығынан бастап елде өндірілетін 9 тауарға шекті және шекті рұқсат етілген бағаларды белгілеуден бас тарту ұсынылғанын айтты. Қалған 10 тауар бойынша бағаны реттеуден бас тарту 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл ретте, атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін тұрақтандыру қорларының жұмысы шеңберінде атаулы тауарлық таргеттеу және отандық тауар өндірушілер үшін міндеттемелер қою есебінен арзандатылған әлеуметтік тауарлар сатып алу мүмкіндігі берілетіні айтылды.

Сонымен бірге Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев та Сенат кулуарында «Үкімет 2024 жылы да әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын реттеуді жалғастырады» деп мәлімдеген еді.

«Министрлік әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрі бойынша жұмыс жүргізеді. Сол тізімдегі тауар өндірушілер және сауда желілерімен тікелей жұмыс істеп, азық-түлік қатты қымбаттамас үшін, үстінен қосылатын үстеме ақысын реттеп отырамыз», – деді вице-министр.