Бектенов тапсырмасы: Оқу-ағарту министрлігі балалар лагерінің сауна сынды демалысқа жарамсыз орындарда ұйымдастырылмауын қадағалайды
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет сағатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа жазғы балалар лагерінің моншада ұйымдастырылмауын қадағалауды тапсырды.
«Былтыр өздеріңіз көрдіңіздер, жазғы лагерьлер моншаларда, басқа да балалардың демалуына жарамсыз орындарда ұйымдастырылған болатын. Биыл оған жол берілмесін. Жеке бақылауыңызға алыңыз, қатаң қадағалаңыз», – деді премьер-министр.
Сонымен бірге Үкімет басшысы балалардың жайлы демалуына, оларды сауықтыруға және жаңа білім алуына барлық жағдайды жасау маңызды екенін атап өтті. Осы мақсатта өңірлік штабтарға өңірлерге барып, лагерлерьдің санитариялық-эпидемиологиялық, өртке, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сай келуін бақылауды тапсырды.
«Балалар лагерьлерінде, бұқаралық орындарда бақылау камералары жұмыс істеп тұруға тиіс. Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне толық кепілдік берілуі керек екенін ерекше атап өтемін», – деп тапсырды Үкімет басшысы.
Бектенов Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері, өңір әкімдіктері тиісті қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет екенін де баса айтты. Сонымен бірге жаз кезінде білім беру объектілеріндегі қауіпсіздік жүйелерін жарақтандыру және оларға қызмет көрсету жұмысын да назардан тыс қалдырмауды және лагерьлерде балалармен жұмыс істейтін персоналды таңдауда мұқият болуды тапсырды.
Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев қауіпсіздік мәселесіне ден қойылып жатқанын, сол мақасатта әр лагерьдің жанынан оны қадағалайтын инспекторлар тағайындалатынын жеткізді. Сонымен бірге бұл мәселе жеке өзінің бақылауында болатынын атап өтті.
«Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз өткізуді қатаң бақылауда ұстаймыз. Осы мақсатта 42 іс-шарадан тұратын жоспар қабылдадық. 20 өңірде штаб құрдық. Бұл штабтар балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз өткізуін қамтамасыз етіп отырады. Сондай-ақ ІІМ-мен бірігіп, жазғы лагерьлерді қадағалайтын инспекторлар тағайындадық. Бұл жұмыстардың барлығы министрліктің бақылауында және менің жеке қадағалауымда болады»,– деді министр.
Моншадағы лагерь
Еске сала кетсек, 2023 жылдың 17 шілде күні балаларды саунаға лагерьге жіберген Алматы қалалық білім басқармасы дауға қалды. Ата-аналар «Арман дала» лагерінде балаларының демалысы өте қолайсыз жағдайда өтіп жатқанын айтып шу көтерді. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл сауна-лагерь қызметіне мемлекет қазынасынан 110 млн теңге бөлінгенін хабарлады.
Бұл сома үш лотқа бөлінген. 37 500000 теңгеге Медеу ауданының 400 баласы, дәл осы сомаға Түрксіб ауданының 400 баласы және 32 812 500 теңгеге Жетісу ауданының 350 баласы қамтылуы тиіс болған. Әр баланың 10 күндік демалысы үшін мемлекет тәулігіне 9 375 теңгеден бөлген. Бұл мемлекеттік тапсырысты «БелРичи» ЖШС ұтып алған.
Шу шыққан соң, Алматы қаласының прокуратурасы білім басқармасы мен балаларға арналған мекеме әкімшілігіне қатысты ҚР ҚК 361 (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) және 140-баптары (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ал 2024 жылдың сәуірінде саунада ерекше қажеттілігі бар балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған жазғы лагерь ұйымдастырған азаматтарға қатысты сот үкімі шықты.
Сот шешімімен шенеунікке мемлекеттік қызметте қызмет етуге өмір бойына тыйым сала отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ірі мөлшерде алаяқтық жасаған лагерь басшысы 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.