Ұлттық Қауіпсіздік комитеті 4,2 млрд теңгенің есірткісі сақталған лабораторияны жойды

Жарияланды
жасырын есірткі
Жасырын есірткі зертханасынан 170 кг мефедрон, 2 тонна прекурсор табылды / Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздің комитеті «Бүркіт» арнайы жасағы мен прокуратура бірлесіп, жасырын есірткі зертханасын анықтады. Бұл жайлы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылдың 11 мамырында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Бүркіт» және прокуратура органдарының үйлестіруімен Павлодар қаласында синтетикалық есірткілердің ірі жасырын өндірісін жою бойынша операция жүргізілген.

«Осы қылмысты жасады деген күдікпен Қазақстан азаматы мен үш шетелдік ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Құзырлы органдардар тінту жүргізіп, нәтижесінде саяжай алабындағы үйден 170 кг астам «мефедрон», 2 тонна прекурсор, сондай-ақ зертханалық жабдықтарды анықтаған. Табылған заттардың барлығы тәркіленген.

Тәркіленген есірткінің «қара нарықтағы» құны 4,2 млрд теңгені құрайды. Ал көлемі 680 мың дозадан асқан.

Еске сала кетсек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылдың тамыз айында осы Павлодарда ірі синтетикалық цехты анықтап, жойған болатын. Цех 0.5 гектар аумақты алатын жерде орналасқан. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел қызметкерлері зерделеу барысында психотроптық заттарды әзірлеу үшін және оны одан әрі ТМД елдерінде сату мақсатымен Қазақстанға келген шетелдік азаматтарды анықтады.

Тінту барысында 100 келіге жуық «а-PVP» психотроптық заты мен прекурсорлар табылған. Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндірісіне арналған заманауи құрылығы анықталып, тәркіленген.

Ал 2023 жылдың 31 шілдесінде Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті осы Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында героиннің ірі партиясын «транзиттеу» арнасын анықтап, жолын кескені хабарланды. Онда құны 2,5 млн доллар болатын есірткі тасымалдаған Қырғызстан азаматы ұсталған болатын.   

Айта кетсек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылы «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден асатын есірткі тәркілеген. Комитет жалпы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау бойынша 150-ден астам операция өткізгенін хабарлады. Бір жылда 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналары жойылған. Сонымен бірге 36 жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылған.

Сондай-ақ оқыңыз