Ыстанбұлда бастапқы капиталы 500 млн доллар болатын Түркі инвест қоры іске қосылды

Жарияланды (жаңартылды )
Түркі инвестициялық қоры ресми түрде қызметін бастады/primeminister.kz

Ыстанбұлда Түркі инвестициялық қорына мүше Басқарушы елдер кеңесінің (ТИҚ) алғашқы ұлықтау отырысы өтті. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстан тарапынан Қордың Басқарушылар кеңесінің өкілі болды.

Түркі инвестициялық қоры – түркі әлемі экономикалық интеграциясының алғашқы бірлескен қаржы институты. Қордың бастапқы капиталы 500 млн доллар. Оны құрудың басты мақсаты – Түркі елдері арасындағы экономикалық және коммерциялық қатынастардың дамуын қамтамасыз ету.

Түркия Қаржы министрлігінің бағалауы бойынша 2024 жылдың соңына қарай түркі мемлекеттері әлемдік экономикада маңызды орын алады. Яғни экономика көлемі 1,9 трлн долларға және халық саны 178 млн адамға жетеді деп күтілуде.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі Қор қызметінің басталуын толығымен қолдайды. Аталған Қор қатысушы елдердің экономикалық өсуі мен дамуының катализаторы болатынына және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге әрі бірлескен жобаларды іске асыруда тиімді өзара әрекеттестікке ықпал ететініне сенімдімін», — деді Нұрлан Байбазаров.

Қор қызметі барысында инфрақұрылымды, жаңартылатын энергия көздерін, ауыл шаруашылығын, туризмді, IT және басқа да бағыттарды қамтитын түрлі секторлардағы бірлескен жобаларды қолдауға басты назар аударылады.

Мұндай жобаларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құру мен экономиканы әртараптандыруға бағытталады. Қазақстанға жобалар үшін қаржы, гранттар мен техникалық көмек алуға мүмкіндік береді. Түркі мемлекеттері ұйымының өңірі аясында және одан тыс жерлерде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайта түседі.

Еске сала кетейік, Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімге 2023 жылдың 16 наурызында Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті аясында қол қойылған болатын. Құрылтайшы елдер қатарында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия бар. .

Сондай-ақ оқыңыз