Жаңалықтар

Copilot+ таныстырылымынан кейін сарапшылар Qualcomm акцияларының мақсатты бағасын 20%-ға көтерді

Qualcomm компаниясы Arm архитектуралы процессорларды Microsoft CoPilot+ дербес компьютерлеріне ыңғайлағаннан ұтады деп біледі Rosenblatt / Фото: Unsplash/John Schnobrich

Microsoft жаңа Copilot+ стандартындағы ноутбукті таныстырғаннан кейін Rosenblatt Securities сарапшылары Qualcomm акцияларының мақсатты бағасын 20%-ға көтерді. «Copilot+ стандартындағы жаңа компьютерлер Qualcomm процессорында жұмыс істейді және жасанды интеллектіні қолдануға бағдарланған» деп жазады Investing.com. Чип өндіруші Qualcomm компаниясының акциялары сейсенбі, 21 мамырда 1,5%-ға, ал технологиялық патенттер иесі – ARM Holdings акциялары төрт пайызға жуық қымбаттаған.

Толығырақ

Microsoft Build әзірлемешілері ұйымдастырған конференцияның бірінші күнінде-ақ Rosenblatt Securities сарапшылары Qualcomm акцияларының мақсатты бағасын 200 доллардан 240 долларға бір-ақ көтеріп, сатып алуға (Buy) шақырды. Бұлай алдыңғы болжамды қайта қарап, бағаны көтеруі – Qualcomm компаниясының жасанды интеллект саласындағы жетістігін мойындауы. Investing.com хабарлағандай, Qualcomm өнімі самартфон, дербес компьютер, автомобиль және интернет құрылғыларында (IoT) қоданылады. 

Rosenblatt сарапшылары Microsoft-тың қолдауымен Qualcomm жақын арада дербес компьютер шығару саласының көшбасшысына айналады деп болжайды. Microsoft Build конференциясы қарсаңында Qualcomm процессоры қолданылған дербес компьютерлердің таныстырылымы компания инвесторларының сенімін нығайта түсті.

Контекст

Компьютер әзірлеушілеріне арналған конференцияға дейін бір күн бұрын Microsoft Qualcomm чиптеріне негізделген локальді жасанды интеллектісі бар жаңа Copilot+ стандартының компьютерін таныстырды. Айта кетелік, бұл чиптер ARM Holdings архитектурасына негізделген. Qualcomm таныстырған  Snapdragon X Elite чиптері Microsoft Copilot бағдарламалық құралы сияқты жасанды интеллектіге бағдарланған қосымшаларды жылдамдататын нейрон процессорларды қамтиды. Сонымен қатар компания Prism технологиясын таныстырды. Бұл технология Intel және AMD  чиптері үшін жасалған бағдарламаға ARM чиптерінде жұмыс істеуге көмектеседі.

Басқа сарапшылар не дейді?

Сейсенбі, 21 мамырда клиенттерге арналған жазбада Bank of America сарапшылары «Arm Holdings дамуына қажет оң факторларды байқап отырғанын» мәлімдеді. Өйткені Microsoft өнімдеріне арналған жаңа процессорлар, соның ішінде Qualcomm чиптері ARM-нің жаңа технологиясына негізделген. Сондай-ақ компания әр шығарылған чип үшін төлем алады. Microsoft мамандары олардың Copilot+ стандартындағы жаңа дербес компьютерлері Apple-дің MacBook Air M3 (тағы сол ARM архитектурасындағы) моделінен 58%-ға жылдамдырақ жұмыс істейді және Intel мен AMD базасындағы ДК-ға қарағанда энергетикалық тұрғыда тиімді екенін айтты.

«Бұл ретте Intel/AMD процессорларының келесі итерациялары жасанды интеллект пен нейрондық процессорлардың өнімділігі бойынша ARM-ды қуып жетуі керек болса да, біз жалпы ДК процессорлары үшін бәсекелестіктің артқанын атап өтеміз. Бұл ретте ARM 2026 қаржы жылында (2020 қаржы жылындағы бар болғаны 2%-бен салыстырғанда) х86 Intel/AMD ойыншыларын ығыстырып, нарықтың 12%-ын еншілейді деген болжам бар», – деп Investing.com банк жазбасын келтіреді.

Жасанды интеллектісі бар дербес компьютерлер негізгі компоннеттер (мысалы, процессорлар) вендорлары үшін орта есеппен 10 немесе 20%-ға қымбаттайды. Бұл жайт нарықтың жоғалған үлесінің бір бөлігін өтейді деп санайды Bank of America сарапшылары.

Акцияның жайы

Сейсенбі, 21 мамырда Qualcomm акцияларының құны 1,56%-ға – 200,85 долларға дейін жоғарылаған. Жыл басынан санағанда, компанияның бағалы қағаздары 38,9%-ға, кейінгі 12 айда 94%-ға қымбаттаған.

MarketWatch деректері бойынша, Qualcomm акцияларын бақылаушы 38 сарапшы ішінен 25-і акцияларды сатып алуға кеңес береді (18 – Buy, 7 – Overweight). Тағы 11-і сақтап отыруға (Hold) шақырады. Екі сарапшы акцияларды сатуға кеңес береді. Уолл-стриттің Qualcomm акцияларын бағалауға қатысты консенсустық болжамы – 194,03 доллар, яғни 7 долларға құлдырау. 

Сейсенбі, 21 мамырда ARM Holdings акциялары 3,9%-ға, 114,77 долларға дейін қымбаттаған. Жыл басынан бері компания акцияларының бағасы 52,7%-ға көтерілді.

MarketWatch деректеріне сәйкес, ARM акцияларын бақылаушы 32 сарапшы ішінен 17-сі акцияларды сатып алуға, 12-сі ұстап отыруға шақырады. Үш сарапшы ғана сатуға кеңес береді. Уолл-стриттің ARМ акцияларын бағалауға қатысты консенсустық болжамы – 118,81 доллар. Бұл – 21 мамырдағы сауданың жабылуы кезіндегі қағаз құнынан, шамамен, 3,5%-ға төмен көрсеткіш.