Google өзінің нейрожелілік іздеу жүйесінде жарнаманы көбейтеді

Жарияланды

Google өзінің іздеу жүйесіндегі жасанды интеллектінің жауаптарына жарнамалық хабарламалар салады Фото: Unsplash/Firmbee.com

Google жасанды интеллект көмегімен табылған жауаптарға жарнама сала бастайды. Компания өзінің басты табыс көзі – жарнамалық сатылымдарын арттыру үшін жасанды интеллектінің жаңа мүмкіндіктерін пайдаланады. Бұған дейін Google нейрожелі арқылы дерек іздеуге ақы енгізуді қарастырған еді.

Толығырақ

Google-дің хабарлауынша, компания осы аптада АҚШ-та өзінің іздестіру жүйесіндегі жасанды интеллект жауаптарына жарнама жүктей бастайды. «Жарнама келіп түскен сұратым мен жасанды интеллект тапқан жауапқа сәйкес болған жағдайда ғана шығады. Ол «демеушілік жарнама» бөлімінде орналастырылады деп түсіндірді компания өкілдері Жарнама берушілерден ешқандай әрекет талап етілмейді. Компанияның хабарлауынша, жарнама берушілердің пікірін ескере отырып, жаңа форматтарды сынап, зерттеп көреді.

Жарнама неге маңызды?

2022 жылдың қарашасында ChatGPT пайда болысымен Google бизнесіне қауіп төнді. Жасанды интеллектіге негізделген танымал чатбот көп сұраққа толық жауапты жылдам табады. Бот қызметінің бұл артықшылығы нақты жауапты емес, сілтемелер топтамасын ұсынатын дәстүрлі іздеу жүйелерін керексіз етті. Ал былтыр Google компаниясының контекстік жарнамадан түскен табысы 175 млрд доллар болды. Бұл сома компанияның барлық кірісінің жартысынан көбін құрайды. «Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша компания жарнама сатылымының 13%-ға – 61,7 млрд долларға ұлғайғанын хабарлады» деп жазады Reuters.

«Google дәстүрлі іздеу жүйесінің шегінен шығып, жасанды инттелектінің жаңа мүмкіндіктерін қолдана отырып, жарнама сатуда үстем тұруға ұмтылып жатыр. Осылайша технология алыбы өзінің басты табысы – жарнама сатылымын ұлғайтқысы келеді» деп жазады Reuters.

Өткен аптада жыл сайынғы I/O конференциясында Google өзінің іздеу жүйесіне жасанды интеллект мүмкіндіктерінің қосылғаны туралы хабарлады. «Бұл – байырғы іздеу жүйесі құрылғаннан бергі іргелі қадамдардың бірі» деп жазды Bloomberg. Компанияның осы жаңа мүмкіндіктері АҚШ пайдаланушылары үшін қолжетімді. Басқа елдерде бұл өзгеріс алдағы айларда пайда болады. Осылайша, жоспар бойынша, жыл соңына дейін жарнамамен 1 млрд пайдаланушы қамтылуға тиіс.

«Ақпарат іздеу саласында инновация көп, – деді Google-дің бас директоры Сундар Пичаи. – Gemini-дің (жасанды интеллект технологиялары) арқасында біз ақпарат іздеудің анағұрлым мықты мүмкіндіктерін қалыптастыра аламыз».

Google ЖИ-лік іздеу жүйесін кіріс көзіне айналдырудың басқа да жолдарын қарастырған еді. Сәуір айында Financial Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, компанияның нейрондық желілер арқылы іздеуге ақы енгізу мүмкіндігін зерделеп жатқанын хабарлады. Бұл компания бизнес моделіндегі түбегейлі өзгеріс болар еді. Себебі іздеу жүйесі мен компанияның басқа да негізгі өнімдері ешқашан ақылы болған емес. Сондай-ақ жарнамалық кіріс есебінен қаржыландырылмаған.

Акцияның жайы

Жыл басынан бері Google-дің еншілес компаниясы – Alphabet бағалары 27%-дан аса жоғарылады, кейінгі 12 айда 45%-ға артты. Компания акцияларының бағасы бойынша орташа таргет – 191,96 доллар, бұл – сауданың жабылуы кезіндегі бағадан 8%-ға артық көрсеткіш. MarketWatch деректеріне сәйкес, сарапшылардың көбі (64-тің 50-і) Alphabet акцияларын сатып алуға, тағы 14 сарапшы сақтауға (Hold) кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыз