Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ-ға тіркеу мерзімін бір күнге ұзартты
Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ-ға тіркеу мерзімін ұзартты. Бұл туралы минист Саясат Нұрбек хабарлады.
«Негізгі ҰБТ-ға қатысуға өтініш беріп үлгермеген талапкерлердің пікірін ескере отырып, барлық тестіленуші үшін ертең, 22 мамырда сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін тестілеуге тіркеу базасы ашық болады», – деп жазды министр өзінің Telegram-арнасында.
Өтініш беріп үлгермеген тестіленушілер тек app.testcenter.kz сайтында 22 мамыр күні берілген уақыт араығында ғана тіркеле алады. Екі рет өтініш берген талапкерлер үшін мұндай мүмкіндік жоқ.
Негізгі ҰБТ-2024-ке 6 мамырдан 14 мамырға дейін өтініш қабылданған болатын. Биыл Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімімен барлық талапкерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Тестілеудің өзі 16 мамырда басталған, 5 шілдеге дейін жалғасады.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарына түсуге арналған гранттар тізімін жариялаған болатын. Тізімді мына жерден көруге болады.