Елімізде электрокар иелері электр желілеріне өз бетінше көлігін қуаттай алмайды. Мәжілісте қабылданған заң жобасында осындай талап қарастырылған. Төменгі палата 22 мамыр күні экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.
Жобаға сәйкес, бұдан былай полиция қызметкерлері ортақ электр желісіне заңсыз қосылғандарға айыппұл салатын болады. Мәжілістің жалпы отырысында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, депутат Арман Қалықов заң жобасын таныстырды.
«Бұл заң аясында «электромобиль» және «электрқуаттау станциясы» жаңа ұғымдары енгізіледі. Электрлік көліктер арнайы орынтұрақ және тұрақпен қамтамасыз етіледі, ал олардың иелері автотұрақ ақысын төлеуден босатылатын болады», – деді депутат.
Заңда сондай-ақ жолдарды жобалау кезінде электр көліктер үшін бөлек орындар бөлу, тұрғын және қоғамдық аймақтарда, сондай-ақ ерекше қорғалатын аумақты жоспарлау жобасында электр желілеріне қол жеткізе алатын электрқуаттау станциялары бар тұрақтар үшін орындарды орналастыру мәселесі де жоспарланып отырғаны айтылған.
«Бұл ретте әкімдіктерге электрқуаттау станцияларын орналастыру бойынша шешім қабылдау құзыреті беріледі. Сондай-ақ оларға әуежайларда, вокзалдарда және басқа да әлеуметтік, мәдени және демалыс нысандарында электрқуаттау станциялары бар такси тұрақтарын ұйымдастыру және жабдықтау функциялары беріледі», – деді Арман Қалықов.
Заңның қабылдануы электрмобильдердің инфрақұрылымын дамытуға, экологиялық таза көліктердің жұмыс істеуі үшін жағдай жасауға және электрқуаттау станцияларын орнатуды реттеудің құқықтық тетіктерін жасауға мүмкіндік береді.
Заң жобасының негізгі нормалары:
– «электрмобиль» және «электрқуаттау станциясы» деген жаңа ұғымдарды енгізуге;
– жолдарды жобалаған кезде электрқуаттау станцияларын орналастыру үшін бөлек орындар бөлуге;
– электрқуаттау станцияларын жол бойындағы сервис объектілеріне жатқызуға және олар үшін жекелеген орындар белгілеуге;
– аумақты егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында электрқуаттау станцияларын орналастыру үшін, оларды тұрғын және қоғамдық аймақтарда орналастыруды қоса алғанда, резервке қоюға;
– жергілікті атқарушы органдардың әуежайларда, вокзалдарда, 1 және
2-санаттардағы тұрақты сауда объектілерінде, сауда базарларында, театрларда, цирктерде, кинотеатрларда, мәдени-демалыс ұйымдарында, сондай-ақ алаңдарда, даңғылдарда, көшелерде, орамдарда электрқуаттау станциялары бар таксилердің тұрағын ұйымдастыру және жабдықтау жөніндегі функцияларын белгілеуге;
– ерекше қорғалатын аумақты жоспарлау жобасында электр желілеріне қол жеткізе алатын электрқуаттау станциялары бар тұрақтар үшін орындарды орналастыруға;
– электрмобильдердің тұрағы үшін арнайы бөлінген орындарды бөлуге;
– электрмобильдердің иелерін орынтұрақ орындарына ақы төлеуден босатуға бағытталған.
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар екінші оқылымға:
– электрқуаттау станцияларын орналастыру үшін ортақ пайдаланудағы жерлерден уақытша жер пайдалануға жер учаскелерін беруге;
– облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және ауданның әкімдігіне электрқуаттау станцияларын орналастыру туралы шешім қабылдау жөнінде құзырет беруге;
– электр энергиясын қосу, пайдалану және тұтыну кезінде электрқуаттау станцияларының қауіпсіз жұмыс істеуі бойынша талаптарды белгілеуге;
– электрокар иелеріне электр желілеріне өз бетінше қосылуға тыйым салуды енгізуге;
– электр желілеріне қолжетімді орындарда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда электрқуаттау станциялары бар тұрақтарды жабдықтау үшін арнайы учаскелер бөлуге қатысты түзетулер енгізді.
Сондай-ақ депутаттар «Автомобиль көлігі туралы» және «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына тиісті түзетулер енгізді. Онда автобустар мен троллейбустар жүргізушілерінің жасын жиырма үш жасқа дейін төмендетуді және олар үшін кемінде үш жыл жұмыс өтілін белгілеуді ұсынады. Ал «D1» кіші санатындағы жүргізушілер үшін жұмыс өтілі кемінде бір жылды құрауға тиіс.
Жаңа заң жобасы негізінде ҚР Жер кодексіне, сондай-ақ ҚР «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Автомобиль жолдары туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Электр энергетикасы туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жол жүрісі туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.