
Қазақстан Финляндиямен сауда-экономикалық және инвестциялық байланысын нығайтуға ниетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен телефонмен сөйлесу барысында айтқан.
«Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб телефон арқылы сөйлесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайтуға баса мән бере отырып, қазақ-фин байланыстарын барлық бағыт бойынша одан әрі қарқынды дамыту жайы қозғалды», – делінген Ақорда таратқан мәліметте.
Жалпы Қазақстан мен Финляндия елі арасында сауда-саттық қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Оған 2024 жылы 12 сәуірде өткен Қазақстан-Финляндия ХПК сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі 13-ші отырысында айтылған мәліметтер дәлел. Сол жиында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова Фин елі 2027 жылға қарай еліміздегі ағаш өңдеу өнеркәсібіне құны 32,5 млрд теңгеге пара-пар 11 жаңа өндіріс орнын іске қосуды жоспарлап отырғанын айтқан болатын.
2011 жылдан бері Финляндия қазақ елі экономикасына 378 млн доллар көлемінде инвестиция салған.