Жаңалықтар

Жаңа туған нәрестені тастап кеткенін хабарламаған маман жазаланады – ІІМ

Нәрестенің келіп түскенін хабарламағандар жазаға тартылады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Жаңа туған нәрестені ата-анасы тастап кеткені туралы хабарлама бермеген медициналық ұйымдар мен балалар үйінің қызметкерлері жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлім етті

Министр орынбасарының айтуынша, «Неке және отбасы туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

«Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жауапты ұйымдар балалардың келіп түскендігін қамқоршылық жөніндегі мекемелерге немесе прокуратураға дер уағында хабарлауға міндеттеледі», – деді Марат Қожаев Мәжіліс кулуарында.

Ол осылайша баланың құқықтарын қорғаумен тікелей айналысатын уәкілетті органдардың құзыреті айқындалатынын айтты.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сондай-ақ, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған медициналық ұйымдар мен сонда жұмыс істейтін лауазымды тұлғалар жаңа туған нәрестені ұзақ уақыт қараусыз қалдыру фактісін хабарламаса, оларға 10 АЕК айыппұл жауапкершілік ретінде енгізіледі», – деді ол.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Марат Башимов аталған заң жобасының қылмыстық құқық бұзушылықтарды неғұрлым тиімді анықтауға ықпал ететіндігін айтты.