Мемлекеттік аудиторлар Ұлытау облысында 36,4 млрд теңгенің заңсыз жұмсалғанын анықтады. Бұған бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, тиімсіз шығындардың көп болуы, сондай-ақ жүйелі жіберілген кемшіліктер себеп. Бұл туралы облыстың бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындыларынан белгілі болды.
«Жалпы аудит қорытындысы бойынша: 4,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар; 1,7 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау; 7,8 млрд теңгеге бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану; 22,8 млрд теңгеге шығындар мен жіберіп алған пайда; 12 жүйелік кемшілік пен 203 рәсімдік сипаттағы бұзушылық анықталды», – деп жазылған аудит қорытындысында.
Ұлытау облысы құрылғаннан бері шешімін таппаған проблемалар жетерлік. Алты облыспен ортақ шекарасы бар өңірдің жол желілерін дамыту ісі тек Қызылорда, Қарағанды және Қостанай облыстарына қарай ғана бағытталған. Осы мақсатта 47,5 шақырым облыстық автожолдарды қайта қалыпқа келтіру үшін 2 жоба ғана жоспарланған.
Өңірдегі өзекті проблема – ауызсу мәселесі. Жезқазған және Сәтбаев қалаларын ауызсумен жабдықтаудың негізгі көзі Кеңгір су қоймасын тазарту және ластаушы заттардың түсуін азайту бойынша тиімді шаралар қабылданбай отырғаны анықталды.
Облыстағы 19 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым ғимараттарының тозуы 65%-дан асады, ал үшеуі 100% тозған. Облыс әкімдігі Жезқазған мен Сәтбаевта әрқайсысы 320 орындық балабақшалардың құрылысын аяқтау үшін тиісті шаралар қабылдамаған. Құрылыс 14-17% қымбаттап, 4 жылдан 10 жылға дейін созылған.
Өңірде 1950-2008 жылдары салынған 41 денсаулық сақтау объектісі жұмыс істейді. Оның ішінде 18 ғимараттың тозу деңгейі 60%-дан асады. Мемлекеттік нормативке сәйкес өңірде бірқатар көпсалалы және жоғары мамандандырылған облыстық орталықтар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары және медициналық оңалту ұйымдары болуы тиіс. Алайда аудит жүргізілген кезеңде аталған медициналық мекемелер құрылмағаны белгілі болды.
Ұлытау облысы 2022 жылдың 8 маусымында құрылған. Бұған дейін 2027 жылға қарай Ұлытау облысына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылатыны, ал 2024 жылға арналған бюджеті 146 млрд теңге көлемінде екенін жазғанбыз.